Премьер-Министр азық-түлік бағасы өскен бірнеше әкімдердің жұмысын сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр азық-түлік бағасы өскен бірнеше әкімдердің жұмысын сынады

25.04.2023

Еліміздің бірнеше өңірінде азық-түлік бағасы 0,2 пайызға өскен. Бүгін Премьер-Министрдің өзі бұл жағдайға ерекше назар аударып, кейбір әкімдіктердің жұмысын сынға алды. Сондықтан, жыл соңына дейін азық-түлік инфляциясын екі есе төмендету міндеті қойылып отыр. Сынға алған өңірлер бұл межеден шыға ала ма?

Соңғы аптада жүргізілген мониторинг нәтижесінде Ақтөбе, Семей, Өскемен мен Қызылордада бағаның біраз өскені байқалған. Яғни, халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің құны құбылып тұр. Мәселен, Ақтөбеде күріш бағасы өсті. Ал, тұрғындар тек күріш емес, өзге де өнімдердің бағасы шарықтап кетті дейді.

Алайда әкімдік өкілдері бағаны тұрақты ұстап тұру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр дейді. Арнайы комиссия осы мәселені назарға алып, аптасына екі рет жиналып отырады. Ең басты нәтиже - өнім өндірушілермен екі жаққа да тиімді келісімдер жасалған. Әкімдік оларға жеңілдетілген несие мен басқа да көмектер көрсетеді, ол кәсіпорындар мен сауда нүктелері бағаны 5 пайыздан артық өсірмейді.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

Мысалы, тауық жұмыртқасы бойынша бізде жергілікті өндіруші бар. Оған бізден несие беріледі.Оның қарсы міндеттемесі – бір жыл бойы бағаны ұстап келе жатыр.Осындай тетіктер арқылы біз бағаны тұрақтандырамыз. Сонымен қатар тұрақтандыру қорында көкөністер бар. Оларға интервенция жасалып жатыр.

Ел бойынша өткен аптада әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің бағасы 0,1 пайызға өскен.Негізінен жергілікті әкімдік үстеме ақының 15 пайыздан артық өспеуін қадағалауы керек.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Премьер-Министр әрбір жауапты басшыға жоспарлы іс-шараларды сапалы орындауды тапсырды. Яғни, бағаны базар реттейді деп отыруға болмайды. Тауарларды сақтау, тасымалдау ісіне де назар аударған жөн. Ең бастысы, халық қабылданып жатқан іс-шаралардың нақты нәтижесін көруі тиіс.


Хабарламаларға жазылу