Солтүстік теңізде Еуропадағы ең ірі жасыл энергетика орталығын құрмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік теңізде Еуропадағы ең ірі жасыл энергетика орталығын құрмақ

25.04.2023

Еуропалық Одақ энергетикалық тәуелділіктен арылу үшін Солтүстік теңізде Еуропадағы ең ірі жасыл энергетика орталығын құрмақ. Бұл туралы Одаққа мүше елдердің көшбасшылары Бельгияның Остенд қаласында өткен саммитте мәлімдеді. Басқосуға Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Дания, Люксембург, Норвегия, Ирландия мен Ұлыбритания елдерінің басшылары қатысты. 9 мемлекет бірігіп, Солтүстік теңізде халықаралық жел турбиналарының желісін дамытпақ. Сол арқылы 2050 жылға қарай теңізде электроэнергия өндіруді қазіргіден 4 есеге ұлғайтып, 300 гигаватқа жеткізуді жоспарлап отыр.

Александр де Кроо, Бельгияның премьер-министрі:

Біздің мақсатымыз – Солтүстік теңізде әлемдегі ең мықты экологиялық таза энергиямен жұмыс істейтін электростанция тұрғызу. Бұл жасыл энергияға көшуді жеделдетіп, еуропалықтарды көміртексіз энергиямен қамтамасыз етеді.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрағасы:

Еуропалық Одақ энергияның баламалы көздерін 2030 жылға қарай 42 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Осы ретте Солтүстік теңіз аймағы жасыл сутекті көбірек өндіріп, импорт үшін басты дәліз болары сөзсіз. Бұл біздің өндірісіміз бен экономикамыз үшін тиімді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу