Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қайрат пен Гүлмира Сатыбалды: Аты-шулы шенеуніктерге қатысты сот процестері қалай жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қайрат пен Гүлмира Сатыбалды: Аты-шулы шенеуніктерге қатысты сот процестері қалай жүріп жатыр

23.04.2023

Соңғы уақытта халық назары ауған сот процестері көп. Отырыстар айыпталушыларға артылған миллиардтармен ғана емес, олардың мәлімдемелерімен де елең еткізеді. Мысалы, осы аптада ісі қарала бастаған Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы түске дейін судьяға «Денсаулығым күннен-күнге нашарлап барады, мені үй қамаққа ауыстыруыңызды сұраймын» деген еді. Бірақ түстен кейін сот залында «Бәрі тамаша» деп отырады.

Автокөліктердің утиль алымымен айналысқан «Оператор РОП» деп аталатын компания есіңізде шығар. Осы аптада ұжымның үш экс-қызметкері мен оларға сыбайлас болған бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың да соты басталды. Әзірге айыпталушылардың бәрі де кінәсін мойындамады.

Көлік дегеннен шығады, апта басында Алматыдағы «Барыс» автобазары мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды. Алматы облысының Қарасай аудандық соты 38 гектарға жуық жерді сату, сатып-алу актісін заңсыз деп таныған. Бұрын бұл жерге Болат Назарбаев иелік еткенін айта кетейік.

Бұдан бөлек, осы Алматы маңындағы Болат Назарбаев пен Әлия Назарбаеваның иелігіндегі жерлердің де мемлекетке қайтарылғанын естідік. Негізі былтырдан бері жоғары лауазымды шенеуніктердің тұтылғаны , олардың қанша қаражат жымқырғаны, гектар-гектар жердің жекеменшіктен қайтарылғаны туралы ақпарат жиі жарияланып жатыр. Егер сол ақша халық игілігі үшін жұмсалғанда жағдай қалар болар еді? Экономистер мен әлеуметтанушылар не дейді? Елдос Есенболдың бейнематериалы.

160 миллиард долллар. Бұл соңғы 25 жылда заңсыз шет ел асқан Қазақстанның қаржысы. Есіңізде болса, былтыр жетінші шақырылымның депутаттары алғаш рет осы көлеңкелі қаражаттың есебін сұраған еді. Бірақ, экономист-сарапшылар бұл санның өзіне күмәнмен қарайды.   Ал осы заңсыз шет ел асқан ақшаны анықтау бар да, оны қайтару бөлек әңгіме. Мұнымен айналысатын комиссия жұмысы қалай жүріп жатыр? Қайтқан қаражат қайда жұмсалғаны дұрыс? Білуге тырыстық. Бірақ, алдымен осы соңғы бір жылда жемқорлық бабы бойынша ұсталғандардың істеріне тоқталсақ.

Бір жылға жуық тергеу изоляторында йогамен айналысуға уақыт тапқан Арыстанбек Мұхамедиұлының соты осы аптада ғана басталды. Кезінде Мәдениет министрі болған, соңғы үш жылда Ұлттық музейді басқарған экс-шенеунік былтыр мамыр айында ұсталған еді. Ол өзге үш айыпталушымен бірге «Алтын адамның әлем мұражайларындағы көрмесіне» бөлінген 221 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінген. Өзі бұнымен келіспеді. Адвокаты да айыпты негізсіз деп отыр. 

Мұстахим Төлеев, А.Мұхамедиұлының адвокаты:

Мұхамедиұлы Арыстанбектің ешқандай кінәсі жоқ. Дәлел деректер жеткілікті жоқ. Сондықтан төрағалық етуші судьяның алдында үлкен күрделі мәселе тұр.

Бас қалада Мұхамедиұлымен қатар Гүлмира Сатыбалдының соты жүріп жатыр. Бұл істің бабы бөлек, бірақ елді елең еткізгендіктен тоқталмасқа болмас. Гүлмира Сатыбалдыға бизнесті күшпен тартып алып, адам ұрлады деген айып тағылған. Бір жәбірленуші тіпті сот процесі кезінде өзін қай жерде қамап, қорқытып ұстағанын көрсетті.

Гүлмира Сатыбалды дегенде оның экс-жұбайы Қайрат Сатыбалдыны қоса кеткеніміз жөн шығар. Ол өзге төрт сыбайласымен бірге «Көлік қызметі орталығы» мен «Қазақтелеком» компанияларының 40 миллиард теңгесін жымқырды деп айыпталып, 6 жылға бас бостандығынан айрылған еді.Тергеу кезінде Қайрат Сатыбалды мен оның сыбайластарынан 240 миллиард теңге мен 500 миллион доллар тәркіленген еді.

Жалпы, былтырдан бері Қайраттар үшін оңай болмай жатыр. Сатыбалдымен қатар Қайрат Боранбаев та істі болып 8 жылға кесілгені кеше ғана.Оған екі сыбайласымен «Квазимемлеттік мекеменің қаражатын қолды қылды» деген айып тағылған еді. Шығын көлемі 141 миллиард 681 миллион теңгеге бағаланды. Үкім оқылған күні сот залына тілшілер мен сотталушылардың туыстары сыймай қалғаны есте.

Осы аптада сот залынан атышулы «Оператор» РОП компаниясының қызметкерлері де табылды. Дәлірек айтқанда, бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, компанияның экс-төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рүстем Темірбек, экс-бас директоры Светлана Коротенко. Төрт азамат 180 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген. Ешқайсысы өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ал жалпы «Оператор РОП» компаниясы 5 жылда 700 миллиард теңге түсірген екен.

Түрлі бағдарламаларға бюджеттен бөлінген қаржының қандай бөлігі жем болып кеткенін анықтау мүмкін емес. Сыртқа шығарылған белгілі сома: 160 миллиард доллар. Аз ба? Көп пе? Түсінікті болу үшін қанша азаматтың орташа айлық табысы болуы мүмкін екенін есептеп көрелік. Ұлттық статистика бюросы былтыр Қазақстандағы орташа жалақы 338 715 теңге деп жариялаған. Қазір доллар курсы 454 теңге деп алсақ, жаңағы 160 миллиард доллар 201 миллион 456 мың адамның айлық табысы. Немесе 167 миллион 880 мың азаматтың жылдық табысы. Елдегі халық саны 20 миллионға жетер-жетпес екенін ескерсек... Әттеген-ай деуден басқа амал бар ма?!

Заңсыз шығарылған қаражат қанша адамның айлық/жылдық табысы болар еді?

Жанар Нақыпбаева , әлеуметтанушы:

Қаржы елдің ішінде айналатын болса онда бірінші кезекте ол жаңағыдай салық түрінде болсын немесе кем дегенде банкте депозитте жататындай болса одан банктің айналымына пайдасы болар еді деп ойлаймын. Халықтың арасындағы жұмыссыздық пайызы төмендейтін еді.

Заңсыз сыртқа кеткен қаражатты қайтару үшін былтыр арнайы комиссия да құрылған еді. Бірақ экономист Уәлихан Қайсаров оның жұмысын тиімсіз санайды.

Уәлихан Қайсаров, экономист,сарапшы:

Бірінші жарты жылдың ішінде Қазақстанға 523 миллиард теңгенің көлемінде ақша қайтарылды. Екінші жарты жылдың ішінде 153 миллиард теңге қайтарылды. Алғашқы жарты жылдың ішінде ол өте тиімді жұмыс істеп тұрған компания болған-тұғын. Ал соңғы жарты жылда тіпті тиімсіз.

Мұнымен кей депутаттар да келісіп отыр.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл ақшаның бәрін қайтару оңай тірлік емес. Комиссия, комиссия бір радикалды шара қолдану керек. Радикалдық. Шоттардың бәрін бұғаттап, активтердің барлығын бұғаттап, жылжымайтын мүліктің бәрін бұғаттап, сүйтіп оны сауда-саттыққа салып ақшаның бәрін мемлекетке қайтару керек. Ол халықтың ақшасы. Өкінішке орай әрине менің көңілім толмайды.

Ал қайтарылған қаражат халыққа қажет баспана, балабақша, мектеп құрылысына, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсалса, сонда нақты жемқорлықпен күрестің нәтижесі көрінеді,- дейді сарапшылар. Өйткені миллиардтар ұрланған сайын елдің экономикасына ғана емес, халықтың санасына да кері әсер етеді.

Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:

Бұл халықтың арасындағы билік өкілдеріне сенімнің төмендеуіне алып келеді. Билік өкілдері ірі кәсіппен айналысып отырған тұлғалар туралы жағымсыз портрет қалыптасады деп айтуға болады. Екіншіден халықтың арасында осылай жасауға болады, жауапкершіліктен қашып кетуге мүмкіндіктер бар деген де ой тудырады.

Жемқорлық деңгейі бойынша ең соңғы, яғни былтырғы рейтингке сәйкес Қазақстан 180 елдің ішінде 103-ші орында. 100 баллдан 36-сын ғана алған. Эквадордан кейін, Панаманың алдында тұр. Қызығы, көрсеткіш Беларусьтан да нашар. Бұл мемлекет 91-орында. Қалған посткеңестік елдер тізімнің төменгі жағында. Жемқорлық фактілері ең аз елдер үштігіне Дания, Финляндия мен Жаңа Зеландия кіреді. Данияның бірнеше жыл қатарынан рейтинг басында тұруының басты сыры: барлық ірі компания сыртқы серіктестеріне де, ішкі нарықта да жемқорлыққа төзімсіздік көзқарасты бірден көрсетеді екен. Мемлекеттік қызметшілер ғана емес, азаматтар да параны алып-беруді қатты айыптайды. Бәлкім, Қазақстан да параны алушы ғана емес, беруші де кінәлі деген түсінікті қалыптастырып, «қазақпыз ғой, Бәке, Мәке, Сәке» деп келісіп, шаруа шешуді де доғарса, Данияға жетпесе де, Беларусьтан озып кетер?!

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу