Қарағанды облысындағы Байқадам ауылының тұрғындары айдың-күннің аманында малы арам өліп жатқанын айтып шағымдануда. Себебі елді мекен іргесіндегі су бөгетінің маңына арық қазылыпты. Қыстан бері сол жерге төрт жылқы түсіп кеткен. Енді малдың ақысын кім төлейді? Экологтар болса қазылған ордың заңсыз екенін айтып отыр. Ауылдағы ағайын малмен күнелткенімен, соңғы кезде жайылымдық жер тарылып барады. Онсыз да маңайдағы ұлтарақтай жерге жеке кәсіп иесі екі метр арық қазып тастаған. Ол мұны мал өтпесін деп істеген, - дейді тұрғындар. Бұған дейін шұңқырға бірнеше мәрте мал түсіп кеткен жайттар болыпты. Мысалы, Айдос Дөненаев жоғалған жылқысын осы арықтан тауып алыпты.
Айдос Дөненаев, Байқадам ауылының тұрғыны:
Малымызды төлеп берсін, мына жерді жапсын, осы жерге шектеу қойсын. Бір шара қолдансын. Малды төлеп берсе болды ғой, одан артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз.
Тілеубек Қонысбаев, Байқадам ауылының тұрғыны:
Қазып жатқан кезде келіп ескертіпті, күзде де ескертілген екен. Бірақ сол айтылғаны айтылған бетте қалған ғой. Мал түгілі адам да, бала да бұл жерге түсіп кетуі мүмкін.
Жергілікті билік болса кәсіпкерге тек ескерту жасаумен шектелген.
Айдын Досмақов, Көкпекті ауылдық округінің әкімі:
Біз өз тарапымыздан ескерту жасадық, 1-2 рет айттық. Учаскелік инспекторға да айттық. Мына жерді қалпына келтіремін, мұндай жағдай болмайды деп антын берді.. Халық та ескерту жасаған. Оның бәрін білеміз.
Ал кәсіпкер болса арық ескерту жасалғанға дейін қазылғанын алға тартқан. Бірақ экологтардың рұқсаты болмағандықтан жақын арада қайта қалыпқа келтіреді.
Дархан Исжанов, облыстық экология департаментінің басшысы:
Кәскіпкердің іс-әрекеті заңсыз болып тұр. Өйткені ешқандай рұқсат қағаздар департаментке келіп түскен жоқ. Департамент қандай да бір қағаздар берген жоқ.
Экология департаменті жүргізген тексеріс қорытындысы жақын күндері шығады. Кәсіпкердің кінәсі дәлелденген жағдайда ол 30 айлық есептік көресткіш көлемінде айыппұл төлейді. Тұрғындар тек содан кейін сотқа беріп, малына өтемақы талап ете алады.
Руслан Нұрланұлы