БҚО-да кәсіпкерді өлтірген екі адам 15 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да кәсіпкерді өлтірген екі адам 15 жылға сотталды

14.04.2023

Оралда кәсіпкерді аяусыз пышақтап өлтірген екі адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қоғамда резонанс тудырған шулы оқиғаға қатысты сотқа алқабилер төрелік етті. Былтыр тамызда Руслан Қожантаев пен Тұрлан Амангелді жұрт көзінше кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. Қожантаев өзін жалақысы қомақты кәуапшы етіп мейрамханаға жұмысқа алуын талап еткен. Сол арада жанжал туындап, Қожантаев Мұханғалиевті бірнеше қайтара пышақтайды. Кәсіпкер сыртқа қарай қашқанымен, екеуі артынан қуып жетіп, жұрттың көзінше тағы пышақ сұғады. Кәсіпкер сол жерде қайтыс болды. Қожантаев өз кінәсін мойындады. Ал, оның сыбайласы қылмысқа қатысы жоқ екенін айтты. Прокурор бірін өмір бойына, екіншісін 20 жылға жаза кесуді сұрады.

Асыланбек Дүйсенғалиев, сот төрағасы:

Алқабилер әрқайсысына 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп тапты. Жәбірленуші өзінің кәмелет жасына толмаған 3 баланың мүддесі үшін 90 млн теңге өндіруді сұрады. Бұл моральдық зиян мөлшері тым көп, сондықтан сот әр сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 15 млн теңге өндірді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу