Құпия құжаттарды жариялағандар әлі табылмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құпия құжаттарды жариялағандар әлі табылмады

13.04.2023

Пентагон Украинадағы әскери қимылдарға қатысты құпия құжаттарды кім жариялағанын әлі таба алмай жатыр. Мұны бүгін АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин мойындады. Жанжал басталғалы бері алғаш рет брифинг өткізген лауазымды тұлға кінәлілер анықталмайынша тергеу жалғасатынын айтты. АҚШ Әділет министрлігі болса, осы іс бойынша қылмыстық іс қозғады. АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлының репортажы.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ-тың барлау қызметіне қатысты «Құпия» және «Аса құпия» санатына жататын 50-ден аса құжат наурыз айында әлеуметтік желіде тараған еді. Ресей мен Украина әскеріне қатысты біраз мәлімет қамтылған. Сарбаздар саны, қай тарап қанша жауынгер жоғалтқаны, Ресейдің мықты және осал тұстары жайлы айтылады. Тіпті, қару-жарақ жеткізу тәртібі, қай соғыс алаңына қанша және қандай қару түрлері қажет деген әскери сараптама да көрсетілген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Пентагон күдікке іліккендердің тізімі мың адамға дейін қысқарғанын мәлімдеді.

Ллойд Остин, АҚШ Қорғаныс министрі:

Біз бұл жағдайға өте үлкен назар аударып отырғанымызды айтқым келеді. Сондықтан тергеу егжей-тегжей жүреді. Біз мұқият тергеп, оны кім істегенін, қандай мақсатта жариялағынын анықтаймыз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Құжаттар 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында жарияланған. Олардың бірінде Украинада Батыс елдеріне тиесілі арнайы жасақтар жүргені де айтылады. Бұл жасырын мәліметтердің қайсысы шын, қайсы жалған екенін ешкім айтпайды. Десе де, деректердің әшкере болуы АҚШ барлау қызметінің беделіне нұқсан келтірері сөзсіз.

Томас Рид, ДЖ.Хопкинс университетінің профессоры:

Соңғы 13 жылда біз көптеген барлау ақпараттарының таралып кеткенін көріп отырмыз. АҚШ-тың барлау қызметі өз жұмысын тәртіпке келтіруі керек. Ешбір ел мұндай ауқымда мәліметтердің жария болуына жол бермейді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

«The Washington Post» бүгін «Украина осы көктемге жоспарланған қарымта шабуылды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады», деп хабарлады. Бұған тек ауа райының қолайсыздығы ғана емес, құпия құжаттардың жариялануы да әсер етке керек, дейді. Алайда, АҚШ Қорғаныс министрі жасырын мәліметтердің әшкере болуы Украина әскерінің жоспарына кедергі келтірмейді деп мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу