Қызылорда облысында аяусыз соққыға жығылған баланың жағдайы әлі ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында аяусыз соққыға жығылған баланың жағдайы әлі ауыр

11.04.2023

Қызылорда облысы, Қазалы ауданында аяусыз соққыға жығылған баланың жағдайы әлі ауыр. Әлімжеттік жасаған бұзақылар анықталып, қылмыстық іс бойынша қамауға алынды.

Оқиға 6 сәуір күні болды. Сабақтан қайтып бара жатқан 16 жастағы Қуандықты бір топ бала тасаға шығарып, тепкінің астына алған. Ауыр соққылардан бала сол жерде есінен танып құлаған. Қазір жәбір көрген оқушы аудандық теміржол ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша бас-миына зақым келген.

Сәдуақас Ахмет, Қазалы теміржол ауруханасының дәрігері:

Қазіргі таңда баланың жағдайы әлі ауыр күйінде қалуда. Супдуральді гемотамо дейді. Бас ішінде қан жиналып жатқаны анықталды. Әрі қарай ем жалғастырған кезде дәл осыны есепке алып, нейрохирургиялық ем жасаймыз. Соны шешеміз.

Жалпы облыста жасөспірімдер арасында төбелес тыйылар емес. Өткен аптада Қызылордадағы 217 мектептің оқушылары жанжалдасып, бір бала екіншісіне пышақ сұғып алған болатын. Абырой болғанда, жарақат алған оқушы аман қалды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу