Жыл басынан бері елге келген 5 мыңға жуық қазақ қандас мәртебесін алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері елге келген 5 мыңға жуық қазақ қандас мәртебесін алған

11.04.2023

Жыл басынан бері елге келген 5 мыңға жуық қазақ қандас мәртебесін алған. Жалпы, Тәуелсіздік алғаннан бері 1 миллион 111 мың адам атажұртына оралыпты. Дегенмен, бейресми мәліметтер бойынша шет елдерде әлі де 3-4 млнға жуық қазақ бар екен. Ал, ел ішінде қос азаматтықпен ұсталып жатқандар да көбейіп келеді. Олар қандай жауапкершілікке тартылады, қандастарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Ербол Берікбол Қытайдан Қазақстанға келген. Атажұртқа оралуды ұзақ жылдар бойы жоспарлаған. Наурыз айында құжаттарын тапсырып, азаматтық алуға өтініш беріпті.

Ербол Берікбол:

Аз уақыт ішінде, яғни, үш күнде қандас мәртебесіне ие болдым. Құжат дайындау жағынан да көп жеңілдік болды. Осылай қолайлылық жасап, қамқор көрсетіп жатқанына алғыс білдіремін.

Жыл басынан бері 4 575 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Олар Өзбекстаннан, Қытай, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және басқа елдерден келіп жатыр. Қазіргі уақытта құжат рәсімдеу процесі әлдеқайда қысқартылып, жеңілдетілген. Мемлекет тарапынан қолдау да аз емес.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Біріншіден бір реттік көмек. Әр отбасы мүшесіне 240 мың теңгедей беріледі. Одан кейін бір жылға дейін пәтерді жалдап тұруға 30 АЕК бойынша беріледі. Бұдан бөлек, кәсіп ашуға субсидиялар көрсетілген. Және көшіп барған жерінің жергілікті жеңілдіктері бар. Яғни, білім алатын болса, кәсіптік білім оқитын болса мемлекет тарапынан жеңілдік көрсетілген.

Адам жауапкершілікке тартылды

Былтыр 22 мыңнан аса адам Қазақстан азаматтығын алған. Оның 18 мыңға жуығы қазақ. Бірақ, елімізде қос азаматтықпен ұсталып жатқандар да аз емес. Мысалға, былтыр қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 138-і сот шешімімен елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды.

Тілеулес Төлеутаева, ҚР ІІМ көші-қон комитетінің аға инспекторы:

Ресейде қос азаматтыққа жол беріледі. Яғни, оларда ондай тиым жоқ. Сондықтан, көбінесе Ресей азаматтарына қатысты қос азаматтық анықталып жатады. Мұндай азаматтар анықталған сәттен бастап қазақстан азаматтығын жоғалтады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Соңғы бес жылда азаматтық заңнаманы бұзғаны үшін 3515 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 3000-на айыппұл салынып, 473-і елден шығарылған. Қорыта айтқанда, атажұртқа ораламын деген қазақтар үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау әр кез көрсетіледі. Ал, өзге елдің азаматтығын аламын дегендер үшін Қазақстан азаматтығымен қоштасуға тура келеді.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу