Шекара маңындағы ауылдарға үй салып беретіндер үшін субсидия бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара маңындағы ауылдарға үй салып беретіндер үшін субсидия бөлінеді

09.04.2023

Бұл аптада Үкіметтен жақсы жаңалық та жетті. Шекара маңындағы ауылдарға үй салып беретіндер үшін субсидия бөлінеді. Шекаралық аудандардағы елдімекендер тұрғындары үшін 2855 баспана салу жоспарланып отыр. Үйлер жұртқа жалға беріледі. Мұны Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Марат Қарабаев осы аптада мәлімдеді. Президент наурызда бұл мәселені шешу керек деп еді. Үкіметтің ұсынысы осындай.

Қазақстан территориясы Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Қытай мен Түркменстан сынды 5 бірдей мемлекетпен түйісіп жатыр. 65 шекаралық аудан бар. Алайда ондағы елді мекендердің көбінде әлеуметтік ахуал сын көтермейді. Әсіресе, Шығыста Қытаймен, Солтүстікте Ресеймен іргелес жатқан елді мекендердің жағдайы мәз емес. Жабылып, жапа тармағай жұрт көшіп кеткендері қаншама. Тірлігін тіктейміз деген ниетпен үйін тастап басы ауған жаққа бас сауғалап жатыр көбі. Салдарынан шекара бойы қаңырап бос қалу қаупі тұр. Көп жағдайда оған елді мекендердің орталықтан жырақта орналасуы себеп. Іргесінде аудан немесе қала тиіп тұрса да, әкімшілік-территориялық жағынан алыс ауданға қосылып кеткендері көп. Кезінде аудан мәртебесінен айырылып, оңтайландырылғандарының кейбірі қайта құрылуы мүмкін. Тақырыпты тілшіміз Ержан Жақып тарқатсын.

Ержан Жақып, тілші:

Үржар ауданында 80 мыңға жуық халық болса, соның тең жартысы осы Мақаншы өңірінде тұрады. Ширек ғасыр бұрын Мақаншыға жеке аудан ретінде 11 ауылдық округ қараған. Қазір де шекара бойлай орналасқан елді мекендер сол күйінде сақталған. Сондықтан экономикалық әлеуеті жоғары өңірді қайтадан жеке аудан ретінде құруға толық негіз бар - дейді тұрғындар.

Мақаншыда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Туризм өркендеп тұр. Өйткені жылына 1 милионнан астам адам демалатын Алакөл осында. Бақты кеден бекеті Қытаймен арадағы сауда-саттықтың халықаралық дәлізіне айналған. Іргесінде көмір кеніші де бар. Бірақ экономикалық әлеуетіне қарамастан, проблема аз емес. Негізгісі: қатынас ауыр. Салдарынан соңғы жылдары жайлы тұрмыс іздегендер біртіндеп көше бастаған. Сондықтан Қытаймен шекарадағы Мақаншыға аудан мәртебесін қайтару керек, - дейді.

Әбен Разуев, Мақаншы ауылының тұрғыны:

Келесі жылы «Бақты-Аягөз» темір жолы басталатын болса құрылысы, бұл Мақаншы өңіріне еңбек күші ағындап келеді. Халқы бүгінгі күнде 33-35 мың көлемінде болса, 50-60 мыңға дейін жететіндігіне мен толық сеніп отырмын.

Нұртілеу Қожақов, Мақаншы ауылының тұрғыны:

Аудан боласа, халыққа да жұмыс табылады. Өңіріміз өркендейтін еді. Шекарамыз бекитін еді. Жаңағы жастарымыз қайтадан ауылымызға келетін еді.

Қазір мамандар Үржар ауданын екіге бөлуге дайындалып жатыр. Елді мекендердің саны, әкімшілік территориясын, бюджет көлемін есептеп, картасына дейін сызып дайындап қойған.

Нұрлан Чакинов, Үржар аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

Аудандағы 53 елді мекеннің 11 ауылдық округі, 18 елді мекені сол Мақаншы ауданына бөлінеді жоспарда. Алдын-ала есептеулер бойынша ауданның жалпы ішкі табысының 40 пайызға жуығы Мақаншы өңіріне тиесілі. Мақаншының өзі халық саны да сақталып қалған. Бұрынғы ғимараттары да.

Осы әкімшілік-территориялық бөліністің дұрыс болмауынан тек шекара бойындағы ғана емес, өзге елді мекендер де зардап шегіп келеді. Мәселен, 6 мыңға жуық халқы бар Аягөз ауданындағы Ақтоғай кенті аудан орталығынан 250 шақырым қашықта. Көлікпен кем дегенде 5 сағат жүресіз. Негізгі күре жолмен елді мекенді жалғайтын 82 шақырым жол салынғалы мүлдем жөнделмеген. Халықтың ауылда тұрақтап қалуына темір жол ғана сеп болып тұр. Ауданға апаратын трассаның тас талқан болып жатуының да себебі бар. Жолдың 15 шақырымынан өзгесі Жетісу облысына қарайды. Өйткені кезінде Ақтоғай сол облыстың құрамында болған.

Қайрат Сағадиев, Ақтоғай ауылының тұрғыны:

Аягөзге 400 шақырымның бейнетін көресіз. Жолдың қиындығын өздеріңіз көріп жүрсіздер. Керемет қиын. Бұрын енді Талдықорған облысына қарадық. Үшаралға қарадық. Онда халық тез барып, тез келетін көлікпен. Халық қолдайды. Өйткені халықтың жақынға тез барып, тез келгені оларға тиімді ғой.

Еліміздің солтүстігіндегі ауылдарда жағдай басқша. Елді мекендер орталыққа жақын болғанмен, әлеуметтік түйткілдер шаш етектен. Ресеймен шекарадағы Чистое ауылында халық ауыз суды іргедегі көлден алып ішіп отыр. Жолдың тоз-тозы шыққан. Егін егіп, мал баққандар болмаса, жұмыс жоқ. Ауылда зейнет жасындағылар қалған. Жастар тұрақтамайды.

Александр Шульгин, Чистое ауылының тұрғыны:

Егін егеміз. Өнімді өткізейік десек баға төмен. Бұрын картоп салатынбыз. Оны да өткізе алмайтын болғандықтан, доғардық. Халық аздап сүт сатып күнелтіп отыр. Бұрын клуб та, мектеп те болған. Клубты бұзып алды. Мектеп қалқиып тұр.

Анарбек Тұрсалиев Тараздан «Еңбек» бағдарламасы бойынша алты жыл бұрын осы ауылға қоныс аударыпты. Егін мен мал өсіргенге қолайлы дегенді естіп, «еңсемді тіктейін»- деген оймен келдім дейді. Бірақ, олай болмай шықты. Біреудің ескі үйін паналап, ауылдың малын бағып тіршілік жасап отыр. Бала-шағасын оқуға апаратын білім ошағы жоқ. Енді еңсесі түсіп, кері қайтпақ ойда.

Анарбек Тұрсалиев, Чистое ауылының тұрғыны:

Сәл қиындау енді ауылда. Қиындау. Су, жол. Балларға мектеп жоқ. Сол мектеп қиын.

Солтүстік Қазақстанда қазір тұрғындарының саны 50 адамға да жетпейтін 123 ауыл бар. Демек, олар көп ұзамай картадан сызылуы мүмкін. Мәселен өңірде «болашағы жоқ» деген ауылдар саны 33 болса, соның 18-і шекара бойында орналасқан. Жалпы, Қазақстан бойынша шекара маңында 13 миллион халық тұратынын ескерсек, олар тұратын елдімекендерді дамыту стратегиялық маңызы бар міндет екені түсінікті. Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президенттің өзі де осыны шегелеп тұрып айтты.

Абылайхан Әбішев, Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік даму департаментінің бас сарапшысы:

Ауылдық аумақтарды дамыту, оның ішінде шекаралас аумақтарды дамыту барлық құжаттар шеңберінде іске асырылуда. Солардың бірі, «Ауыл ел бесігі» жобасы іске асырылып жатыр. 2019 -2022 жылдар аралығында шекарас аумақтарда 400 ге жуық жоба іске асырылады. Одан бөлек бізде жаңағы тұжырымдамада «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылатын болады.

Жобалар жоқ, емес бар. Министрлік өкілі кейінгілерін ғана атады. 2003 – 2005 жылдар «Ауыл жылдары» болып жарияланып, 2004 – 2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың бағдарламасы да болған еді. «Ауылды дамыту керек», - деп халық та, үкімет те айтып келеді. Ал тілшілердің үнемі көтеретін өлмейтін тақырыбы: «ауылда су жоқ, жол жоқ, жұмыс жоқ».

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу