Абай облысының Қопа ауылында халық 5 жылдан бері таза ауыз суды күтіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының Қопа ауылында халық 5 жылдан бері таза ауыз суды күтіп отыр

04.04.2023

Абай облысының Аягөз ауданындағы Қопа ауылында халық 5 жылдан бері таза ауыз суды күтіп отыр. Қыруар қаржы бөлініп 2018 жылы құрылысы басталған су жүйесі әлі пайдалануға берілген жоқ. Жергілікті әкімдік осы күнге дейін түрлі сылту айтып, халыққа уәде беруден аспай келеді. Әбден титықтаған тұрғындар тіпті су тартуға қажет құбырды да өздері тауып дайындап қойған. «Әкімшілікке қандай көмек керек, беруге дайынбыз. Тек тіршілік нәріне қолымыз жетсе болғаны» -дейді.

Ержан Жақып, тілші:

«Су тартамыз»- деп қыруар қаржыға сатып әкелген мердігер компанияның мынандай құбырлары қазір әркімнің ауласында шашылып жатыр. 5 жылдан бері күн астында қақталып, құбырлар шіріп жарамсыз болып қалған.

Жүйенің негізгі құбырларын құрылыс жүргізгендер қалай-болса солай жерге көміп кете барған. Тексеру нәтижесінде ол тіпті су тарту үшін арналмағандығы анықталған.

Талғат Төлеген, Қопа ауылының тұрғыны:

5 жыл бойы салынған мемлекеттің қаражаты, игерілген 200 млн теңге жердің астында керексіз болып жатыр. Арнайы экспертиза шақырыпты, тексеруге жіберу нәтижесінде бұл құбырлардың мүлдем жарамсыз екендігі жайлы қағаз қолымызда бар.

Жарамсыз болғанының орнынан ауыл халқы іргедегі кен байыту комбинатымен келісіп, 15 шақырымға жететін құбырларды өздері дайындап та қойған. Енді тегін келген дүниені іске жарату қалған.

Қалихан Уәлиев, Қопа ауылының тұрғыны:

Мына жастарымыз әкеліп қойды. Ал оны әкелсеңдер тартып береміз-деп айтқан. Аудан әкімі айтқан. Былтыр күзде айтқан. 2022 жылдың күзінде. Міне 2023 жылдың көктемі болды. Әлі жоқ міне. Халық Ақтоғайға көшіп кетті. Енді 50 проценті анық көшті ол.

Көшпеске амалдары жоқ. Өйткені іргеде кен байыту комбинаты ашылғалы ауылда су деңгейі түсіп кеткен. Халықтың бұрыннан пайдаланып отырған құдықтары бірінен кейін бірі құрғап жатыр.

Аудан әкімшілігі шығын болған қаржыны өндіріп алу үшін, жұмысын шала атқарған мердігер компаниямен соттасқан. Ол арада су тарту жобасының құны да бірнеше есе қымбаттап кеткен.

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

Бастапқы бағадан, 2018 жылғы бағадан 459 миллион теңгеге қымбаттап отыр. Жалпы соммасы 774 миллион теңге қаражат болады. Маусым айынан бастап әрі қарай құрылысты жалғастырып, ауа райына байланысты биылғы жылдың аяғына дейін толықтай аяқтаймыз деген жоспарымыз бар.

«Сәл ғана шыдау қалды»-деп мамандар халықты сабырға шақыруда. Сенсек, су жүйесін тарту жобасы қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп, қажет қаржы көлемі өзгертіліп жатыр. Бірақ, осыған дейін талай уәдені естіп келген қопалықтар, кезекті рет алданып қалмасақ болғаны дейді.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу