Таразда үй қамақта болған кәсіпкер үкім шығар алдында қашып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда үй қамақта болған кәсіпкер үкім шығар алдында қашып кетті

04.04.2023

Үкім шығар алдында үйқамақтан қашты. Таразда бір жарым жылдан бері тергеліп жатқан Бақберген Мәуленовке іздеу жарияланды. Былтыр желтоқсан айында кепілдікпен үй қамаққа шығарылған кәсіпкер күні кеше өтуі тиіс сот отырысына келмей қояды. Құзырлы органдар қашып кеткенін анықтап, дабыл қағып отыр. Қаланы жылу және ыстық сумен қамтитын компанияның бұрынғы басшысы баласымен бірге сотқа тартылған болатын. Олар 4 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деп күдікке ілінген. Сондай-ақ, сотта Мәуленовтар отбасына тарифтерді заңсыз көтеру, монополиялық табыс табу, жалған кәсіпорындар құру арқылы ақша аударымдарын жүргізу бойынша айып тағылды. Оның ұлы Рахат Бөлдеш әлі күнге тергеу абақтысында. Жамбыл облыстық соты бүгінге дейін күдіктілерге қатысты жиырмадан аса сот отырысы өткенін хабарлады. Ал іздеу топтары шекаралық аймақтарға дейін жіті тексеру жүргізіп жатыр.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу