Қызылорда облысында дүлей дауылдан 24 нысанға залал келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында дүлей дауылдан 24 нысанға залал келді

03.04.2023

Қызылорда облысында екі күн бойы қатты дауыл соғып, ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырын жұлып әкетті. Секундына 28-30 метр жылдамдықпен соққан желден 24 нысанға залал келген.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қаладағы Торайғыров көшесінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үй 2020 жылы ғана қайта жаңғыртудан өткен. Бірақ, кешегі дүлей желде жаңадан салынған шатырдың сапасы сынақтан өтпеді. Дауылда баспананың шатыры ұшып, мына ойын алаңына кеп түскен. Абырой болғанда, бұл жерде бала болмаған.

Сол күнгі оқиғаны тұрғындар ұялы телефонына түсіріп алыпты. Баспананың шатыры біразға дейін ілініп-салынып тұрған. Бірақ, желдің екпініне шыдас бермей аулаға кеп түскен. Жаңаланған шатыр үшін ай сайын ақша төлеп отырған жұрт мердігер мекемеге шара қолдануды сұрап отыр.

Сәбилә Тумырзаева, қала тұрғыны:

Мынау шырағым-ау жарамсыз зат. Бұл деген ит қорағада жарамайды. Бізді алдап, ертең мына құлағанды қайтадан өздеріңізге істеп береміз дейді. Ағаштарының бәрі ескі. Жанағы ұнның, ненің астынан қалған әркімнен қайыр тілеп алған ағаш қой.

Жаңғыртудан өткен тұрғын үйдің кепілдік мерзімі әлі бітпеген. Соған сәйкес мердігер мекеме қайта қалпына келтіреді, дейді әкімдіктегілер. Жалпы, қатты желдің кесірінен 7 мектеп, 3 мәдениет үйі мен 9 әкімшілік ғимарат шатырсыз қалды.

Ағайша Сматова, Облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы:

Бүгінгі таңда осы келтірілген залалдардың шығындарын есептеу бойынша комиссиялар құрылып, аудан қала көлемінде жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Дүлей дауыл кезінде 50-ден аса электр бағанасы құлап, біраз ауыл жарықсыз қалған. Энергетикалық кәсіпорын жұмысшылар кешелі бері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қазір соңғы ауылды жарыққа қосып жатыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу