Павлодар өңіріндегі мектеп 60 жыл жөндеу көрмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар өңіріндегі мектеп 60 жыл жөндеу көрмеген

03.04.2023

Павлодар облысындағы Воскресенка ауылының тұрғындары жаңа мектеп салып беруді сұрайды. Себебі қазіргісі өте ескі. 60 жылда бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Ғимараттың іші сырты бірдей қаусап, тозып тұр. Соған қарамастан балалар осы жерде оқуға мәжбүр. Мектеп 1964 жылы салыныпты. Содан бері күрделі жөнделмеген. Қабырғалары қопсып тұр. Терезе ашылмайды. Себебі құлауы мүмкін.

Болат Аманбаев, тілші:

Әйнектерде бүтін жер жоқ. Шағылған жерлері мынандай скотчпен жамалады екен. Терезенің ағаш жақтаулары да әбден шіріп кеткен. Қыста жел азынап тұрады. Одан қорғану үшін целлофанмен бекітіледі.

Барлық сыныптағы көрініс осы. Шіріген еден, қақыраған қабырға. Бір қызығы, «қаусаған ғимаратта оқу қауіпсіз емес, жағдайымыз мүшкіл» деп түсірілім тобын шақырған мұғалімдерді мектеп ішінде кездестіре алмадық.

Бақтыбай Аманжолқызы, шаруашылық қызметкері:

Ауданнан звондап отыр дейді. Осында бармасын, барған күнде бір күндік еңбегін алмайды барған кісілер деп. Телевидениеге түсуге бармасын деп, ешқандай арыз жасамағандай. Енді осыдан кейін жұмыстан шығарып тастаса білмеймін енді.

Мектепте 70-ке тарта оқушы бар. Қыста суық. Тек денешынықтыру кезінде Спортзалға барып бой жылытамыз дейді балалар. Ал, аязды күндері тіптен қиын көрінеді.

Айару Жәрдембекқызы, 4-сынып оқушысы:

Қыста суық болғанда мен келгім келмейді. Әйнектерден жел келеді, шала жабылған. Ана кабинеттер шала жабылған. Сосын төбеден су ағады. Әйнектен суық кіреді.

Мектепке жөндеу жасау үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленген екен. Бірақ биылғы жылдың бюджетінде қаржы бөлу қарастырылмаған.

Азамат Маңғұтов, Тереңкөл ауданының әкімі:

Аудан бойынша 17 мектептің ішінде жалғыз Воскресенка ауылы мектебі ғана қалды. Ол аудан бойынша өте жақсы көрсеткіш. Міне, жобасы дайын, мәлімдеме жасадық. Өтінім бердік. Облыс басшылығы жағдайды біледі.

Бұл аудандағы ең көне мектеп. Бұдан кейін салынғандар 2-3 мәрте жөнделіпті. Ауыл аудан орталығынан шалғай. Комиссия келмейді. Жөндеу жұмыстарының кейінге шегеріле беретіні сондықтан деп налиды тұрғындар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу