Жарты ғасыр жөндеу көрмеген мектеп жаңа кейіпке енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарты ғасыр жөндеу көрмеген мектеп жаңа кейіпке енді

02.09.2019

Алматы облысы Ақсу ауданының Ақсу ауылында жарты ғасырдан астам мүлдем жөндеу көрмеген мектеп жаңартылды. Бұл игі іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мен «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында іске асты. Оған қолдау көрсеткен - осы елді мекеннен шыққан жомарт жандар. Енді олар алдағы уақытта туған ауылын абаттандыруды көздеп отыр.

Іргетасы 1964 жылы қаланған мектеп мүлдем қараусыз қалған. Бұған дейін оқушылар мен мұғалімдер қақаған аязда да жылусыз отырған. Тіпті, шатыры қирап, төбеден үнемі су аққан. Сондықтан осы мектептен түлеп ұшқан қалталы азаматтар шалғайдағы ескірген білім ошағын алғаш рет жарты ғасырдан кейін күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл тұрғындарын қуантты.

Бикен Байетова, Ақсу ауылының тұрғыны:

Мектебіміз жаңарды. Бұл - Кеңес заманында салынған мектеп. Әлі сан мыңдаған шәкірттерді тәрбиелейді, білім нәрімен сусындатады деп сенімдемін. Рахмет айтудан жалықпаймыз.

Ардақ Тұмарова, Ақсу ауылының тұрғыны:

Қыс мезгілінде сабақ кестесі тоқтап қалып, балалар жиі ауырып, көптеген уайымдар болып тұратын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында біздің мектебіміз жаңарып, керемет болып жатыр. 

Ақсудан түлеп ұшқан азаматтар алдымен мектептің шатырын, терезе, есік, едені сияқты маңызды тұстарын жөндеген. Сонымен қатар, информатика кабинетін он жаңа компьютермен жабдықтап, мекеме әкімшілігіне көлік пен ноутбуктарды сыйға тартты. Қазір білім орында 300-ден астам бала білім алып жатыр. 

Бастаманың жалғасы ретінде енді олар оқушыларды салауатты өмір салтына ынталандыру үшін зәулім спорт кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта елді мекенді абаттандырып, аудан орталығына қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің ескерткішін орнатпақшы. 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу