Көкшетауда дәріханалар жаңа стандартқа сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда дәріханалар жаңа стандартқа сай емес

24.03.2023

Әр дәріханада дәрігер-кеңес беруші мен клиникалық фармацевт болуы шарт. Ақмола облысында фармацевтика саласындағы кәсіпкерлер GPP жүйесіне көшу оңай болмай тұр деп шағымданды. Шағын және орта кәсіп иелерінің айтуынша, жаңа стандарттың бизнеске талабы жоғары. Қағазбастылық та көбейді дейді.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Кәсіпкерлердің айтуынша, осындай бір дәріхананы GPP стандартына сәйкестендіру үшін бір миллион теңгеге жуық ақша қажет. Мұндай жүйе, әсіресе, шағын және орта кәсіп иелеріне ауыр тиіп отыр. Тіпті, кейбірі талап өзгермесе, дәріханаларды жабуға мәжбүрміз,-дейді.

GPP әлемнің дамыған елдеріндегі дәріханалар жүйесін жетілдіретін халықаралық стандарт. Бірақ Қазақстандағы кәсіпкерлердің айтуынша, ол біздің нарыққа әлі лайықталмаған. Талабы қатаң, шығыны көп деп шағымданды.

Ольга Руденко, жеке кәсіпкер:

GPP стандартын енгізу үшін білікті мамандар қажет. Арнайы дайындық керек. Алайда, бізде ондай фармацевтер жоқ. Мен өзім бұл салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрмін. Соның өзінде бұл жүйеге көшу маған қиындық соқтырып отыр. Өйткені, неше түрлі ереже бар. Талап көп.

Шалғайдағы шағын елдімекен тұрғындары да алаңдап отыр. Себебі, жаңа жүйеге сәйкес болмағандықтан ауылдағы жалғыз дәріхана жабылып қалуы мүмкін. Сол кезде дәрі-дәрмек сатып алу үшін қалаға қатынауға тура келеді.

Валентина Геращенко, Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрайымы:

Былтырдан бастап бізге көптеген шағым түсті. Кәсіпкерлер әрі қарай қалай жұмыс істейтінін білмейді. Жаңа стандартқа сай дәріхананың аумағы бойынша бірнеше талап қойылып отыр. Кейбірінің ғимараты ескірген, ережеге сай емес. Салдарынан шағын және орта кәсіп иелері шығынға батып жатыр.

Елімізде бұл жүйеге көшу жұмыстары 7 жыл бұрын басталып, биыл қолданысқа енгізу міндеттелген. Жаңа стандарт бойынша барлық жұмыс белгіленген бір алгоритм бойынша ғана іске асуы тиіс. Оны кәсіпкерлер өздері жасайды. Олар онда дәріхананың аумағын, қызметкерлердің санын ескеруі тиіс.

Арман Шериязданов, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыстық департаменттің бөлім басшысы:

Дәріхана қызметкерлері күнделікті жұмысында нормативті құқықтық актілерге сәйкес жұмыс істейді. GPP дегеніміз сол күнделікті жасап жүрген актілерге сәйкес жұмыс. Сол атқарып жүрген жұмыстарын олар стандарттық операциялық құжаттарға тіркеп жазып қояды.

Қазір Ақмола облысындағы 400-ден астам дәріхананың 8 пайызы ғана GPP жүйесіне толықтай көшкен. Қалғандарына уақыт беріліп отыр. Бірақ нақты мерзім бектілмеген.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу