Әз Наурыз мейрамы АҚШ-тың бірнеше штатында тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әз Наурыз мейрамы АҚШ-тың бірнеше штатында тойланды

21.03.2023

Әз Наурыз мейрамы АҚШ-та да ұлықталып жатыр. Вашингтон, Мериленд және Виржиния штаттарында тұратын қазақтардың бірлескен мерекелік шарасына меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы қатысты. Бір жасар Дамира Тоқтар үшін бүгін ерекше күн. Тұсауын танымал дәрігер жүзден аса ғылыми жұмыстың авторы Қадыркеш Әбілда кесіп, алғашқы қадамын наурыз мерекесінде жасады. Жырақта жүрген қазақтар үшін бұл мейрам той тойлау ғана емес, салт сананы жастар бойына сіңірудің төте жолы. Сондықтан қазақ американ қауымдастығы әз наурызды мейлінше қазақы дәстүрге сай өткізуге мән берген. Ана тілі курсына қатысып жатқан балалардың бірі тақпақтарын оқыса енді бірі би билеп көрермендердің қошеметіне бөленді. Қазақтардың қуанышына ортақтасып, мерекемен құттықтап келген америкалықтар да аз болмады. Тіпті, он алты жасар Лола Фаркуз наурызда өнер көрсету үшін мұғалім жалдап, қазақ биін арнайы үйреніпті.

Лола Фаркуз, АҚШ азаматы:

Бұл мерекеде осы аймақтағы қазақтар түгел бас қосатынын білемін. Көктеммен бірге жаңа жылдың келгенін бірге тойлау керемет дер едім.

Ал, АҚШ азаматы Девид Швуейд наурыз мерекесінен қалмайтынын айтады. Ол үшін бірнеше жыл бұрын арнайы қазақы шапан да сатып алған. Қазақтардың қай жерде жүрсе де салт дәстүрлерін ұмытпай, онсын мақтанышпен паш ете білетініне риза боламын деді өзі.

Дэвид Швуейд, АҚШ азаматы:

Наурыз құтты болсын! Мен бұл мерекені атап өту шарасына қатысқаныма өте ризамын. Қазақтың салт дәстүрі маған ерекше ұнайды. Адамдардың өзара бас қосып, бір бірін көргендегі қуаныштарын көздерінен көруге болады.

Бүгінгі шарада ән де жыр да төгілді. Күмбірлеген домбыра үні жиналған жұрттың елге деген сағынышын аз да болса басқандай.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу