Алматылықтарға 60 тонна тегін көже таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтарға 60 тонна тегін көже таратылды

21.03.2023

Өздеріңіз көргендей, Алматы жұрты да, Наурыз мерекесін үлкен сән-салтанатпен қарсы алды. Күн райы шайдай ашылып, халықты шаттыққа бөледі. 60 тонна тегін көже таратылды. Орталық алаңға ақ шатырлар тігіліп, сан алуан түсті ұлттық киімдер киген өнер адамдары әсем әндерін әуелетті.

Қуан Нұрақын, тілші:

Наурыз мейрамы құтты болсын! Бүкіл Алматы жұрты мерекені ерекше атап өтіп жатыр десек болады. Таңнан басталған іс-шаралар міне әлі де жалғасуда. Орталық алаңға жиналған халық қайтар емес. Шаһардағы Астана алаңында күндіз ине шаншар жер болмады. Наурыз көже таратылып, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасу бәсекесі жиналған қауымның көңілінен шықты. Жиналғандар бір-бірін құттықтап, ақ жарма тілектерін жаудырып жатты. Соған назар аударайық.

Таңнан ауыздықпен алысқан тұлпарлар бастаған батырдың киімін киген, сайдың тасындай іріктелген жігіттер қала көшелерімен 12 қанатты киіз үйді алып жүрді. Шеруге қала тұрғындары да қосылды. Көшті тамашалауға ұлттың бетке ұстар тұлғалары да келіп, елді мейраммен құттықтап, батасын берді.

Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның еңбек ері:

Той тойға ұлассын! Халықтың көңілі өссін. Еліміздің дәрежесі өссін. Наурыз әр уақытта бақыт әкеледі. Жылдың басы. Сондықтан барлық қыздарға, ұлдарға бақыт тілеймін. Бүкіл Қазақстан халқына бақ, дәреже тілеймін.

Қуан Нұрақын, тілші:

Мереке ертең және арғы күні де жалғасады. Қала халқы «Наурыз Фест» шарасы аясында қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесін тамашалай алады. Сондай-ақ, ұлттық тағамдардың, аспаптардың да сан түрі қойылмақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу