Көкшетау қаласындағы 240 газ тарату қондырғының жартысынан көбі жұмыс істемейді. Олар әбден ескірген әрі кейбірінде көгілдір отынның қалдықтары әлі де болуы мүмкін. Осы газгольдерлерді қалпына келтіру жұмысы басталғанымен, аяқталмай қалған. Ал тұрғындар, заңға қайшы және қауіпті болса да, көпқабатты үйлерде газ баллонын пайдалануға мәжбүр.
Айдархан Жолданов ай сайын тұрмыстық газ баллонды толтырып әкеледі. Қауіпті болса да оны 5-қабаттағы пәтерінде пайдаланып отыр. Күнделікті ас-су дайындау үшін көгілдір отын керек дейді.
Айдархан Жолданов, қала тұрғыны:
Осы үйде, міне, 12 жыл тұрамын. 12 жыл бойы газ алу үшін заправкаға барамын. Екі жарым шақырым жер осы жерден. Шаршаймыз. Бір жағынан газды қойып, иіс шыға береді. То анау, мынау. Қорқамыз. Шынымен де қорқынышты.
Көкшетаудағы қанша пәтерде газ баллон осылай заңсыз тұрғыны белгісіз. Оның есебін де ешкім жүргізіп отырған жоқ. Бір анығы, қала тұрғындары газ баллонына тәуелді.
Батес Нұрғалиева, қала тұрғыны:
Зейнеткермін. Газ мәселесі бізді өте қатты қинап тұр. Бесінші этажда тұрамыз. Соны әркімге ақша төлеп, баллонды әкелгізіп, оны салдырып аламыз. Бәріміздің үйімізде бала-шаға, немерелер бар.Қандай жағдай болады?-деп қорқамыз. Баяғы совет үкіметіндегі баллондар. Оны тазалайды да, береді бізге. Жаңадан әкеліп жатқан ешкім жоқ. Ал егер бір жағдай болса, кім жауапты осыған?
Қалада 240 газ тарату қондырғысы бар. Бірақ олардың көбі қараусыз қалып, қауіпті нысанға айналған.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Заң бойынша екі қабаттан биік ғимараттарда баллон пайдалануға тыйым салынған. Алайда, мынадай газгольдерлер жұмыс істемегендіктен, талап орындалмайды. Онымен қоймай, ескі газ қондырғылары ашық-шашық күйде жатыр. Қоршауы бар болғанымен, одан пайда жоқ.
Газгольдердің нақты иесіне қатысты да сұрақ көп. Қалалық әкімдік біздің баланста тұр дегенімен, жеке компаниялар таласып отыр. Сондықтан, газ тарату қондырғыларын қалпына келтіру жұмысы баяу жүріп жатыр. Осыған дейін екі рет тендер жариялаған. Бірақ, нәтиже болмады.
Әділет Рақымжанов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Қазіргі уақытта біз тағы да конкурс өткізіп жатырмыз. Ол осы жылдың сәуір айында аяқталады. Содан кейін жұмысты бастаймыз. Яғни, газ тарату құрылғыларын жөндеп, барлығын қалыпқа келтіреміз.
Жергілікті билік, қараусыз қалған газ тарату қондырғыларын қайткенде түгендеп, жөндеп қоймақ. Бірақ қалада орталықтандырылған газ жүйесі жоқ. Сондықтан, көпқабатты үйде тұратын адамдарға көгілдір отынды әлі де газ баллонмен арқалап жүруге тура келеді.
Ұмсындық Наурызбаева