Еуропада отандастарымыз әлі дауыс беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада отандастарымыз әлі дауыс беріп жатыр

19.03.2023

Еуропада сайлау учаскелерінің жабылуына 3-4 сағат уақыт қалды. Өзінің конституциялық құқын пайдалануға асыққан қандастарымыз соңғы сағаттарда ерекше белсенділік танытып жатыр. Бельгиядағы Қазақстан елшілігі жанынан ашылған №241 сайлау учаскесіне жерлестеріміз таң атқаннан жиналды. Сайлаудың маңыздылығын жас ұрпақтың санасына кішкентайынан сіңірейін деп көбісі балаларын ерте келген. Мажарстандағы қандастарымыз да конституциялық құқын пайдалану үшін Будапешттегі Қазақстан елшілігінде орналасқан №243 сайлау учаскесіне асықты. Тізімге тіркелген 103 адамның дені түс ауғанша азаматтық борышын өтеп үлгерді.

Диас Қожантаев, студент:

Бүгінгі сайлауға зор үмітім бар. Еліміздің болашағы үшін жақсы партия таңдаймыз деп үміттенем. 

Италиядағы Қазақстан елшігінде орналасқан №245 сайлау учаскесінде Отандастарымыз дауыс беру үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Жасы да жасамысы да жарқын болашақтан үмітті. 

Жұлдыз Мабдуллахан, студент:

Бұл сайлаудан біздің күтеріміз көп. Жаңа Қазақстанның өзгеруіне, дамуына, жаңа белестерге етуіне сенімділік тигізеді деп сенеміз.

Римдегі сайлау учаскесіне келе алмаған қазақстандықтар үшін сайлау комиссиясының мүшелері жылжымалы жәшіктерді алып, Милан қаласында көшпелі сайлау ұйымдастырды. Қазір онда да жерлестеріміз белсенді дауыс беріп жатыр. Сайлау комиссиясының мүшелері кешкі сағат сегізге дейін барлық қазақстан азаматтары өз таңдауын жасап үлгереді деген сенімде.

 Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу