Шартараптан ақпарат таратқан Ұлттық арна тілшілері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шартараптан ақпарат таратқан Ұлттық арна тілшілері

19.03.2023

Ұлттық арнаның өңірлердегі және шет мемлекеттердегі меншікті тілшілері сайлау барысы жөнінде жедел әрі дәйекті ақпарат таратуда. Сағат сайын тікелей эфирде жұмыс істеп жатқан тілшілердің кадр сыртындағы қым-қуыт тіршілігі. Таңғы бес. Техникалық дайындығымызды пысықтап, артынып-тартынып сайлау учаскесіне асықтық. Уақыт тығыз. Астанамен сағат айырмашылығы тағы бар. Ұрыста тұрыс жоқ. Санаулы минуттардан кейін эфир. Смартфон және сымсыз құлаққап. Алақандай ғана құрылғының көмегімен тікелей эфирге қосылып, мұқым елге ақпарат тараттық. Кідіріс болмады. Бәрі сәтті шықты. Ал, солтүстіктегі тілші Эльмираның эфирге шығуы үшін, спутникке қосылуға тура келді. Бір минуттық тікелей қосылымның артында үлкен жұмыс тобының еңбегі жатыр. Онға жуық техникалық қызметкер түгелдей аяғынан тік тұрды. Қызыл судың құрсауындағы Батыс Қазақстан облысындағы тілші мен оператор бұл. Тасқыннан зардап шеккен саяжай аумағына арнайы барды. Жол әбден діңкелетті. Оператордың аяғына су кіріп кетіп, етігін шешіп, шұлғауын сығып жатқаны. Бау-бақша қауымдастығында 20 мыңға жуық тұрғын бар. Меншікті тілші олардың саяси науқаннан қалыс қалмағанын жеткізді. Ұлттық арнаның шетелдегі тілшілері де алғашқылардың бірі болып ақпарат таратты. Әлемдегі он шақты мемлекеттен қазақтсандықтардың дауыс беру барысын баяндады.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу