Елордалықтардың белсенділігі жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтардың белсенділігі жоғары

19.03.2023

Елордалық қарапайым халықпен қатар майталман өнерпаздар да өз таңдауын жасап жатыр. Олар бұл науқанда дауыс беру әркімнің азаматтық борышы деп санайды. Және сол арқылы елдің болашағына әсер ететініне сенімді. Елордадағы 65 мектепте орналасқан 348 сайлау учаскесіне ағылған халықтың қарасы қалың. Дауыс беруге келгендерге қызмет көрсетіліп, жеке деректері мұқият тексеріліп жатыр. Азаматтар бұл саяси науқанда белсенділік таныту әркімнің борышы деп білетінін айтады. Сонымен қатар, ел ертеңіне әсер ететін шешімдерді қабылдауға атсалысуға тырысады. Көпбалалы ана Ләззат Қалимова да дауыс беруге отбасымен келген.

Ләззат Қалимова, қала тұрғыны:

Қызымыз екеуміз осында дауыс беруге келдік. Бұл, әрине, әр азаматтың өзінің борышы, парызы деп есептеймін. Алдағы болашақтағы біздің еліміздің болашағы, балаларымыздың болашағы. Сол себепті саналы түрде өзімнің дауысымды бердім.

Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров та көппен бірге өз таңдауын жасауға келді. Ол әрбір азаматтың дауысы маңызды деп санайды. Өйткені, кез-келген адамның үні естілуі керек. Осылайша ортақ шешім қабылданып, болашаққа бағдар жасалады

Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Ет жүрегі отан деп соққан, ел деп соққан әрбір азамат сайлауға келіп, сайлауға қатысып, өзінің дауысын естуі керек. Себебі, әрбір азаматтың дауысы ол мемлекеттің дамуының бір бейнесі, болмысы. Сондықтан сайлау адамдарға, азаматтық қоғамға, жалпы мемлекетке осындай үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Бүгін Астанада 416 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Ал ел бойынша 12 мыңнан астам учаске қызмет етеді. Дауыс берушілер саны 12 миллион шамасында.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу