Отандастарымыздың дауыс беру белсенділігі жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандастарымыздың дауыс беру белсенділігі жоғары

10.01.2021

Бізден уақыт айырмашылығы үш сағат болатын Түркияда қазір дауыс беру науқанының қызған сәті. Елдің үш қаласындағы сайлау учаскелеріне тізімдегі сайлаушылардың көпшілігі келіп, таңдауларын жасап үлгерген. 

Айдос Әшімұлы, Тілші:
Анкарадағы №286 сайлау учаскесінде дауыс беру науқаны қызып тұр деуге болады. Елден жырақта жүрген отандастарымыздың белсенділігі жоғары. Таңертеңнен бастап топ-тобымен келіп, партиялар арасындағы таңдауларын жасап жатыр. Халық көп келсе де санитарлық талаптар ұмыт қалған жоқ. Келген адамдар учаскеге кезекпен, әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып кіргізілуде. Бұдан бөлек әр адамның дене қызуы өлшеніп, маскасыз кірмеуі де қадағалануда.

Айдос Қыдырма, Анкарадағы №286 сайлау учаскесінің төрағасы:
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі жанындағы 286 сайлау учаскесі барлық санитарлық талаптарды орындап сайлаушыларды қабылдап жатыр. Алдымен Түркиядағы дипломатиялық миссияның отбасылары одан кейін студенттер және халықаралық ұйымдардағы жұмыс істейтін қазақстандықтар дауыс беруде. 

Айдос Әшімұлы, Тілші:
Түркияның ең ірі қаласы Стамбулдағы №255 сайлау учаскесі де таңертеңнен ашық. Дауыс берушілер ең көп тіркелген бұл учаскеде де саяси науқан қалыпты өтіп жатыр. Сенбі-жексенбі күндері елде коменданттық сағат болғандықтан қоғамдық көлік аз жүреді. Дегенмен қазақстандықтардың бүгін еркін жүріп-тұруларына рұқсат берілген. Елдегі сайлау учаскелері әлі де бірнеше сағат ашық болады. Сондықтан тіркелген сайлаушылардың нақты қанша пайызы дауыс бергені кешірек белгілі болмақ.


Хабарламаларға жазылу