Мәжіліс депутаттарының мандаты қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттарының мандаты қысқарды

19.03.2023

Биылғы сайлаудағы тағы бір өзгеріс, Мәжіліс депутаттарының мандаты қысқарды. Саяси додадан кейін өтетін Мәжіліс отырысындағы таблоға қатысып отырғандар – 98 деп жазылады. Бұған дейін, яғни Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымында 107 депутат болғаны белгілі. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі болатын. 

Айя Мүтәлі, тілші:

Біз сәрсенбі сайын жалпы отырыс өтетін Мәжіліс залында тұрмыз. Депутаттар әр заңды дәл осы жерде қарап, осы залда қабылдайды. Мұнда шамамен 150 адамға арналған орын бар. Төрдегі орынға Мәжіліс төрағасы жайғасады. Оның екі жағындағы орындарда екі орынбасары отырады. 3 спикердің креслосының жанына мінбер қойылған. Мұнда жаңа заң жобасын ұсынуға келген орган өкілі баяндама оқиды әрі қосымша депутаттардың сауалына жауап береді. Спикерлерден өзге мәжілісмендер жалпы отырыс залында партиялық тізіммен емес, аты-жөнінің әліппедегі реттілігімен жайғасып отырады. Ал бұрыштағы орындықтар министрлiктер мен Мәжiлiс Аппаратына арналған. Яғни, жаңа құжатты таныстыруға келген қонақтар сонда жайғасады. Депутаттардың орнына келер болсақ, үстелінде кез келген уақытта пікір білдіру үшін микрофон мен оны қосуға арналған дыбыс күшейткiш жүйе қойылған. Одан бөлек, дауыс беруге арналған құрал бар. Яғни, заң жобасын қолдаса, депутат 2-ші, қарсы болса 3-ші тетікті басады. Дауыс беру нәтижесін көрсететін табло қазір өшіп тұр. Ал Мәжіліс залында 4 есік бар. Депутаттар отырыс аяқталысымен өзіне ыңғайлы, отырған орнына жақын жақтан шығып кете алады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу