Халық сайлаудан оң өзгеріс күтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық сайлаудан оң өзгеріс күтеді

19.03.2023

Бұл жолғы сайлау ерекше форматта өтіп жатыр. Өзін-өзі ұсынған кандидаттар көп. Мәжіліс пен мәслихатқа өз өкілдерін жіберуге 7 бірдей партия таласып жатыр. Бәсеке жоғары. Ал бұқара, «сайлау арқылы мемлекеттік шешімдерге әсер ететін боламыз», - деп үміттеніп отыр. 

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:

Жалпы халықтың өзгеріс болатынына сенімі мол. Мен – Әділ сайлау штабының төрағасымын. Халық сайлаудың әділ өтетініне, таңдаған адамы сайланарына сеніп отыр. Сондықтан, осы жолғы сайлауда нағыз «елім, жерім» деген азаматтар сайланады деген ойдамын.

Асылы Осман, қоғам қайраткері:

Бүгінгі сайлаудың жөні бөлек. Бүгінгі сайлауға риза болатыным, дайындықтары керемет. Елді аралап, елдің жағдайын, «не жетпей жатыр, не істеу керек» деген мәселелерді көздерімен көрді. 

Болатбек Лайықов, тұрғын:

Бұл жолы сайлауға бірінші рет келіп тұрмын. Осыған дейін саяси немқұрайлылық болатын. Осы жолы келген себебім, азаматтар өздерін партия атынан емес, жеке-жеке ұсынды. Арасынан қолынан іс келетін жігіттерді көріп, өз дауысымды берейін дедім. Елді өркендете алатын, іспен дәлелдеп жүрген жігіттер Мәжілісте отырса, осындай қордаланған мәселелер қозғала ма деген оймен, өз уақытымды бөліп, келіп тұрмын.

Хабарламаларға жазылу