Шығыс пен солтүстікке 2600 отбасы қоныс аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс пен солтүстікке 2600 отбасы қоныс аударды

17.03.2023

Елімізде ішкі миграцияға байланысты заңдылықтар бекігелі бері қазағы қалың, халқы көп оңтүстіктен жүгін теңдеп артып, теріскейді бетке алған көш кереуен жиіледі. Былтыр өңірден 2 мың 600-дей адам қоныс аударған болса биыл мемлекет 7 мыңға жуық арнайы квота бөліп отыр. Бұл бағдарламаның шарапатын көруге әсіресе халық саны көп Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал аудандары жұртшылығының қызығушылығы жоғары.

Қасымхан жеке тапсырыспен қақпа, ою-өрнекті темір конструкциялар жасап жұрттың үйін әсемдеп жүргенімен өз баспанасы жоқ. Отбасымен пәтер жалдап тұрады. Әзірге тапқаны шайлығынан асатын емес. Осыны ойлана келе Қасымхан жырақ та болса солтүстікке бармаққа біржола бекінді.

Қасымхан Омаров, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Осы жақтағы кәсібімді сол жақта да дөңгелентіп шамалы аяққа тұрсақ дейміз. Келіншегіме де жұмыс табылады екен. Қазір ол бос. Үй бикесі. Екі баламды қарап отырады.

Қасымханның бұл шешіміне үлкендер жағы да, отбасы да қарсы болған жоқ. Әйелі Малика қазір көші-қонға байланысты керекті құжаттарады рәсімдеп жүр.
Фельдшер мамандығы бойынша биыл оқуын тәмамдайтын Маликаға теріскейден жұмыс табылып тұр. Әрі әлеуметтік қолдау да көрсетіледі.

Малика Хасанова , Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Ол жақта көптеген мүмкіндіктер бар екен. Үй, жұмыс барлығын қамтамасыз етіп тұр. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстанға көшуге документ жинап жүрміз. 1-2 айда көшіп қаламыз.

Ілкімді бастаманың нәтижесінде былтыр Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстанға 176 отбасы еліміздің шығысына 45 шаңырақ қоныс аударды. 1 мың 200-дейі адамның 400-ге жуығы еңбекке жарамды және сұранысқа сай мамандық иелері.

Нұрболат Садиев, Сарыағаш ауданы жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары:

Негізгі мамандықтар бастауыш мұғалімі, дәрігерлер және ауылшарушалығы техникалары бойынша сұраныс көп келеді. Сарыағаш ауданында ондай мамандар бар. Алдыңғы көшкен азаматтар өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр.

«Еңбек» бағдарламасына қатысушылар жақын күндері арнайы ұйымдастырылған көлікпен еліміздің солтүстігіндегі аудандарды аралап, жер жағдайын көріп қайтпақ. Сол сапарда біржола баспана жайын, егін салатын жерін белгілеп, істейтін кәсібін де нақытылап келеді.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу