Сайлау учаскелерінің дайындығы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау учаскелерінің дайындығы қалай?

17.03.2023

Осы жексенбі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Ал ертең – тыныштық күні. Дауыс беруші нені білуі керек?

Дауыс беру тәртібі қандай?

Данияр Қайыртай, тілші:

Алдымен қай сайлау учаскесінде дауыс беретініңізді анықтап алуыңыз керек. Оны sailau.gov.kz, egov.kz сайтынан және телеграмдағы чат-боттар арқылы білуге болады. Әйтпесе осы күндері телефоныңызға смс-хабарлама немесе мобильді банкинг қосымшасына хабарлама түскен де шығар. Бір қарап көріңіз. Біз қазір Астанадағы дауыс беру учаскелерінің біріне келдік.

Жалпы ел аумағында 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Ал шет елдерде жүрген отандастарымыз үшін 62 мемлекеттте 77 учаскелік комиссия құрылды. Әр сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-ден кешкі 20.00-ге дейін дауыс беруге болады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл сайлау учаскесі науқанға сақадай-сай. Мына жерде байқаушылар отырады. Ал сайлау комиссиясы дайындықты пысықтап жатыр.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне 18-ге толған 12 млн-нан аса дауыс беруші тіркелген. Егер сайлаушы өз учаскесіне барып дауыс бере алмаса, ертең кешкі сағат 18.00-ге дейін учаскеден тиісті куәлік алуы керек. Сол құжатпен жүрген жеріндегі учаскенің бірінде дауыс бере алады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Дауыс беру учаскесіне барарда жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды ұмытпаңыз. Өйткені сайлау бюллетені тек тізімдегі адамға құжат бойынша беріледі. Ал сіз сайлау парағын алдым деп тізімге қол қоясыз.

Сайлауда түрлі-түсті бес бюллетень беріледі. Көгілдір түсті дауыс беру парағы – партиялық тізім бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын таңдауға арналған. Жасыл бюллетеньде бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімі болады. Қызылкүрең, қызғылт сары және сұр түсті сайлау парақтары әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша таңдауға арналған.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бюллетеньдерді алып жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырасыз. Кабиналарда, көріп тұрғандарыңыздай, қаламнан басқа ештеңе жоқ. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабиналарда мынадай арнайы құрал-жабдықтар бар.

Таңдауыңызды жасағаннан кейін бюллетеньдерді мына жәшікке саласыз.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу