Жетісу облысы бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді

17.03.2023

Президент өз Жолдауында елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу туралы бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл орайда Жетісу облысында қомақты қаржы бөлініп, жергілікті тауар өндірушілерге 0,01 пайыз үстемемен жеңілдетілген несие берілді. Осының арқасында 2,5 мың тонна азық-түлік қоры жинақталды. Бұл бастама шаруаларға да өз өнімін делдалсыз тікелей нарыққа шығаруына да қолайлы болып отыр. Қарабұлақ ауылындағы шаруашылық қоймасында қазір 350 тонна картоп пен пияз сақтаулы. Көкөніс арзандатылған бағамен бірден дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Қожалық былтыр тұрақтандыру қоры арқылы көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген несие алған.

Ольга Нұғманова, қойма меңгерушісі:

Бірнеше жылдан бері дән себу кезінде қажет қаражатты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан алып, өнім жинағанда сол ақшамызды көкөніспен қайтарамыз. Бізге осылай жұмыс істеу өте тиімді. Арамызда делдал болмағандықтан картоп пен пияздың да бағасы тұрғындарға қолжетімді.

Баға демекші қаладағы әлеуметтік сөрелерде қазір картоп 170 теңге, пияз 105 теңге. Мұнан бөлек тұрақтандыру қорының қоймасында ұн, күріш, қарақұмық, сұйық май және қант жеткілікті мөлшерде тұр. Былтырғыдай маусымдық қант тапшылығын болдырмау жолдары да қарастырылған.

Диас Рыскелді, «Жетісу» ӘКК АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі:

Биыл қант тапшылығы болмайды. Себебі, біз 2190 тонна қант өніміне Көксу қант зауытымен келісімшартқа отырдық. Және қазіргі күнде бізде қоймада 370 тоннадай қант өнімін қоймамызға жинап қойдық.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік облыс бойынша 60-қа жуық дүкенде сатылып жатыр. Сондай-ақ, картоп пияздың биылғы өнімі ірі сауда кешендеріне де жөнелтіледі.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу