Ақтөбе облысында Ойыл мен Қобда ауданындағы үш елдімекен қатынассыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында Ойыл мен Қобда ауданындағы үш елдімекен қатынассыз қалды

16.03.2023

Ақтөбе облысында бірнеше жолды қарғын су шайып, Ойыл мен Қобда ауданындағы үш елдімекен қатынассыз қалды. Ал Екпетал аулынан 105 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз облыс орталығына қарасты «Әуе қалашығы» ауданында тұрмыз. Бұл маңайдағы төрт көшеге су кірген. Түнімен 50-ге жуық су сору көлігі жұмыс істеді. Алайда, тұрғындар еріген қар суы қырдан тағы келе ме деп қауіптеніп отыр.

Бұл ауданға өткен түні су көп келген. Тұрғындар өз күшімен тасқынға тосқын қоюға тырысқанымен, сарайлар мен жертөлелерге және екі үйге су кірген.

Зібира Әйтекешова, қала тұрғыны:

Ауладан шыға алмаймыз. Шығу үшін резеңке етік кию керек. Одан да асып кетіп жатыр. Кіріп-шығу қиын. Қашан су кетеді,соны күтіп отырамыз. Нанға, дүкенге де бара алмаймыз.

Ал бұл Жарық ауылына қайықпен өтіп, жағдайды бақылап жүрген Қобда ауданының әкімі. Елдімекенге кіретін көпір су астында қалған. Сондай-ақ, Байтақ ауылымен де қатынас жоқ. Электр желісі де істен шыққан. Қазір аудан орталығында су деңгейі түскен. Ертеңнен бастап келген шығын есептеле бастайды. Жалпы, өңірде су тасқыны басталғалы 300-ден аса адам эвакуацияланған.

Ойыл ауданының Саралжын ауылына баратын жол да бүлінген. Сондай-ақ, Мұғалжар ауданында да бірнеше елдімекенге су кірді. Өңірде тасқынға қарсы 800-ге жуық адам, 457 техника жұмыс істеп жатыр. Алайда, Ақтөбе қаласының өзінде су сору көліктері жетіспейді.

Саид Молдақараев, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

Бізде ассенизаторлар жоқ. Бізде мотопомпалар бар.Ол мотопомпалармен су сорайын десек, ол жерде суды айдайтын жер болмай жатыр. Сондықтан ассенизаторлармен көп жерлерден суды алып кету жұмыстарын ғана жүргізіп жатырмыз.

Қазір екі аудандағы үш мектепте 450-ге жуық оқушы онлайн оқып жатыр. Ал төменгі қабатына су кірген Қобда ауылындағы гимназия ғимаратына техникалық сараптама жасалады.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу