Жетісу облысының Малайсары станциясында бір шақырымға жуық жолды қарғын су шайып кетті. Станция мен ауылды жалғайтын жолға былтыр ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қыруар қаржы осылайша суға ағып кетті деп дабыл қаққан тұрғындардың мәселесін өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы толықтырады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Өзеннің ескі арнасына салынған жол биылғы еріген қар мен жаңбыр суының нөпіріне шыдас бермеді. Былтыр ғана жолды жөндеуге бюджеттен 313 млн теңге бөлінген болатын. Мына асфальттың сынығынан ақ жолдың жақында төселгенін аңғаруға болады.
Осы жол сел жүретін орынға салынып жатқанда-ақ тұрғындар күмәнмен қарапты. Мердігерлерге ескертіп те көрген. Алайда қаржы бөлініп, асфальт төселіп кеткен. Енді, міне, қыруар қаржы сумен ағып, желге ұшты дейді ауылдағы ағайын. Ал көрші ауылдан 45 оқушы осы жолмен станцияға келіп оқиды.
Азамат Өмірәлинов, ауыл тұрғыны:
Осылай істелді енді. Жолымыз осылай болды. Бізге қазір көпір керек. Оқушылар өтеді. Бізде қыста көктемде жылда осылай. Үлкен ауқымды көпір керек.
Қазір жергілікті билік пен құзырлы орган басшылары жолды қалпына келтірудің амалдарын қарастырып жатыр. Қайтадан дәл осы жерге жол салу қисынсыз деп ұйғарып отыр. Себебі алдағы жылдары да осы арнамен сел жүруі әбден мүмкін.
Ғалымжан Дәрібаев, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар қатынасы басқармасының басшысы:
Жобалаушы мекемеге тапсырмасын бердік. Ол кісілер жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін қай жерге қандай көпір қоямыз, қай жерге қандай құбыр қоятынымызды қарастыратын боламыз.
Жобалау жұмыстарына бір жылдай уақыт қажет. Одан кейін ғана қаржы бөлу мәселесі қарастырылмақ. Сондықтан қарғын су шайған жолдың қашан дұрысталары әзірге беймәлім.
Қуаныш Қанатұлы
