АҚШ билігі ірі корпорациялар мен байларға арнайы салық салмақ. Одан түскен қаржыны халықтың әлжуаз тобын әлеуметтік қолдау шараларына жұмсауды көздейді. Президент Джо Байден осындай жаңашылдықтар қосылған келер жылдың федералдық бюджетін Конгреске жолдады. Алайда, бизнесті қызғыштай қорғайтын республикалық партияның өкілдері керісінше әлеуметтік шығындарды азайтуға бекініп отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Келер жылдың қаржылық құжаты Конгреске өткен аптаның соңына түскен. Бірақ, АҚШ президенті оны әдеттегідей депутаттардың алдында емес, Филадельфияға барған сапары кезінде сайлаушыларға таныстарды. Бюджет жобасына қарағанда Байден байлардың кірісінің жиырма бес пайызын салық ретіне алуды жоспарлап отыр. Бірақ, жаңа алымды дүние мүкінің құны жүз млн доллардан асатын отбасылар ғана төлеуге міндетті болмақ. Мұндай санаттағы әулеттер аса көп те емес. Халықтың 0,01 пайызы ғана. Жылдық табысы 400 мың доллардан асатын отбасыларға да салық мөлшері артады. Бұдан бөлек, ірі корпорациялардың кіріс салығын өсіріп, алпауыт компанияларға Трамп кезінде жасалған жеңілдіктерді алып тастамақ. Бұл өзгерістер Ақ үйге он жылдың ішінде бюджет тапшылығын үш триллион доллар азайтуға мүмкіндік береді.
Джо Байден, АҚШ президенті:
Мен біраз салықты көтеруді жоспарлап отырмын. Себебі, миллиардерлер әрі кесте табысының 3 пайызын төлейді. Бұл әзіл емес. Бұрын бізде алты жүздей миллиардер қазір саны мыңнан асады. Бірақ, олар салықты полиция қызметкері, мектеп мұғалімі мен , медбикеден төмен ставкамен төлейді. Бұл дұрыс емес.
Жалғас Сәдібекұлы журналист:
Айтса айтқандай, 2010-2018 жылдары Құрама Штаттардағы ең бай 400 отбасы екі триллиондай доллар пайда тапса, оның тек 8 пайызын табыс салығы ретінде төлеген. Бұл әділетсіздік деген Джо Байден екінші жыл қатарынан миллиардерге салмақты арттыруға әрекет етпек. Ал, олардан алынған қаржыны әлеуметтің әлжауаз топтарын қолдайтын бағдарламаларға бағыттамақ. Алайда, бюджетті бекіту Конгрестің құзырындағы шаруа. Ал, өкілдер палатасын бақылауына алған республикашылдар салықты көтеруге жол бермейміз дейді. Оның орнына шет мемлекеттерді қолдау мен әлеуметтік салаға бөлінген бюджет шығыстарын қысқартуға құлшынып отыр.
Мая Макгвинеас, Федералдық бюджет комитетінің президенті:
Бюджетке қатысты мәселе көп. Әсіресе, салықтық түсім бойынша. Менің ойымша, экономикалық болжамдар тым оптимистік. Сондықтан үнемдеуге азырақ көңіл бөлінген. Шығындарды азайту бойынша ұсыныстар негізді. Үлкен жаңа шығыстарға бюджет жетпейді. Бірінші кезекте фискалды саясатты реттеп алу керек.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Республикашылдар осы айдың соңына дейін өздері әзірлеген бюджет жобасын ұсынбақ. Ол әрине Байден құжатына мүлдем қарама қайшы болары анық. Себебі, олар ұлттық қарызды одан әрі ұлғайтуға жол бермеуге бекінген. Өйткені, үкіметтің берешегі қазір отыз екі триллионнан асып кетті. Бұл жылдық жалпы ішкі өніммен парапар. Екі жақ бірер айда кіріс пен шығысты нақтылап, ұлттық қарыз межесін ұлғайту бойынша ортақ мәмлеге келе аламаса жаз айларында атқарушы билік қажетті төлемдерін өтей алмай, ел экономикасының дефолтқа ұшырау қауіпі бар.
Жалғас Сәдібекұлы