АҚШ билігі TikTok әлеуметтік желісіне тыйым салмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ билігі TikTok әлеуметтік желісіне тыйым салмақ

14.03.2023

АҚШ билігі Тик Ток әлеуметтік желісіне тыйым салмақ. Бұған мүмкіндік беретін арнайы заң жобасын сенат депутаттары таныстарды. Себебі, Ақ үй де Конгрес те қытайлық платформа ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санайды. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

АҚШ-тың 12 сенаторы әзірлеген заң жобасы «Шектеу актісі» деп аталады. Құжат билікке күмән туғызған шетелдік технологияларға тыйым салу бойынша жаңа өкілеттіктер бермек. Әсіресе, қысқа уақытта америкалықтар арасында ерекше танымал болған TikTok АҚШ билігінің бас ауруына айналды. Себебі, Қытайдың ByteDance компаниясына тиесілі платформа пайдаланушыларының мәліметтері Қытай үкіметінің қолына өтіп кетуі мүмкін деген қауіп айтып отыр.

Джон Тун, сенатор:

TikTok-тың америка азаматтарына бірнеше рет шпионаж жасаған Қытай Коммунистік партиясымен байланысы мені ерекше алаңдатады. Өткен жылы Қытайдың TikTok иесі ByteDance компаниясының қызметкерлері TikTok-тың қарсылығына қарамастан АҚШ-тағы пайдаланушылар туралы құпия деректерге бірнеше рет қол жеткізгені хабарланды. Трамп та, Байден әкімшіліктері де шетелдік технологиялардан төнген қауіп-қатерді бағалау үшін сенімді процесс жүргізу қажеттігін мойындады. Бұл заңнама TikTok сияқты платформаларға тыйым салуға мүмкіндік береді.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ақ үй қазірдің өзінде мемлекеттік құрылымдарда TikTok-ты пайдалануға тиым салды. Шенеуніктерге қосымшаны ұялы телефондары мен компьютерлерден жою үшін отыз күн берілді. Тек қауіпсіздік саласында зерттеу жүргізетін мемлекеттік органдарға ғана рұқсат.

Пол М. Накасоне, ұлттық қауіпсіздік агенттігінің директоры және ақш кибер қолбасшылығының қолбасшысы:

TikTok бірнеше себептерге байланысты алаңдатып отыр. Біріншісі – оларға жиналып жатқан деректер, екіншіден алгоритмі және оның бақылап отырғаны. Үшіншіден, кең платформалық ықпал ету операциялары. Оның ішінде желі өздерінің ұстанымына томпақ келетін қандай да бір хабарды өшіріп тастайтынын білесіңдер.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Бұған дейін АҚШ үкіметі Қытайдың Нуавей ұялы байланысы мен Ресейдің Касперскиін пайдалануға тиым салған еді. Алайда, Тик Токты тоқтату оңай болмайды. Себебі, бұған дейін сот Ақ үйдің әлеуметтік желіні қыспаққа алатын әркетіне тосқауыл болған. Өйткені, оны кемі жүз миллион америкалық пайдаланады. Азаматтық қоғам белсенділері қазірдің өзінде биліктің әркетін тұтынушылардың құқын бұзу деп сынға алды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу