Атыраулық өнертапқыш өрендер ғылыми сайыстарда топ жарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық өнертапқыш өрендер ғылыми сайыстарда топ жарып жүр

11.03.2023

Аспанда қалықтайтын спорттық ұшақ пен сынаққа арналған зымырандар. Бұған қоса, кеме, дрон, нанотехнологияға негізделген неше түрлі роботтар тағы бар. Бұл - Атырау облысына қарасты Индербор кентіндегі өнертапқыш өрендердің құрастырған туындысы. Ойын балаларының жарқын істері республикалық ғылыми сайыстарда топ жарып жүр.

Әмірханның ұшқыш боламын деген арманы оны алдамады. Қазір бір өзі әуе кемесін ұршықша иіреді. Ауыл баласының спорттық ұшақ жасаумен айналысқанына 3 жыл. Туындыларының қатарында америкалық «цессна» мен отандық сұңқардың үлгісі бар. Жобасы облыста екі рет алтын алып, республикадан жүлде еншіледі. Әр жұмысына орташа есеппен айлап уақыт жұмсайды. Қажет құралдар мен датчиктерді тапсырыс беріп алдыртады.

Әмірхан Қаршыға, жас өнертапқыш:

Бұл ұшақ Ф-3 класына жатады. Бұл екі-үш ай жасалатын ұшақ. Бұның ішінде электроникасы, маторы, аккумуляторы, және үш стенді бар.

Әли де осал емес. Қарапайым ғана құралдарды пайдаланып-ақ, шедевр жасайды. Техникалық салаға ден қойғанына 5 жыл. Осы уақыт аралығында түрлі көліктің үлгісін құрастырды. Камаз, Урал, күн энергиясынан қуат алатын құрылғылар мен жол талғамайтын көліктер де бар. Арманы – ұшатын темір тұлпар жасау. Өнертапқыш өреннің жобалары республикалық ғылыми додада екі рет топ жарып, үздік атанды.

Әли Русланов, жас өнертапқыш:

Мұны мен 7 айдың көлемінде уақытта жасадым. Және кузовты жасап болғаннан кейін, рамасына көштім. Бәрін өз қолыммен істедім. Маған керек болғаны ПФХ, клей, электроника, пластик.

Әлидің зымыран атқыш көлігін сынақтан өткіздік.

Ауыл балалары – бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Олардың ұшқыр ойы мен шексіз қиялын ғылымға пайдалану – зор мүмкіндіктерге жол ашады дейді, үйірме жетекшісі.

Асылбек Қоңыров, үйірме жетекшісі:

Бұның нәтижесінде ауылдың балалары инженер-конструктор болып шығуы керек. Инженер-механик болып шығады. Мысалы мына балық аулау кемесінің көшірмесін осы ауыл балаларының түгелдей қолынан жасалып шыққан.

Әли – әлемді мойындатқысы келеді. Ал, Әмірхан әлі ешкім жасамаған арманындағы ұшақты құрастырып жатыр. Ойы ұшқыр өрендердің мұраты - ғылымға үлес қосу.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу