Cырдария арнасынан тасып, Жосалы мен Жалағаш аралығындағы тасжолды су шайды. Бірнеше шақырымдық сең енді Жосалы кентіне жақындап келеді. Қазір мамандар өзен бойындағы елді мекендерді тасқыннан аман алып қалудың қамын жасап жатыр.
Жалағаш пен Қармақшы аудандарының шекарасында мұз кептеліп, су шабындық жерге жайылды. Сол маңдағы Қызылтам және Далдабай ауылдарына қауіп төнгенімен, қарғынсу елді мекендердің іргесіндегі қорғаныс бөгеттерінен әрі аспаған. Бірнеше күннен бері үреймен отырған тұрғындар ең бастысы мал-жан аман дейді.
Асылбек Оспанов, ауыл тұрғыны:
Адам бәрі аман болсын лайымда. Ешқандай су алмасын, тілегіміз сол ғой біздің. Бірақ, биыл мынау толық әйтеуір су. Бәрі түзелер, бәрі жақсы болып кетер.
Дегенмен, тасқынның салдарынан Жосалы кентінен 41 шақырым жердегі ауданаралық тасжол бүлінді. Жайылған мол су «Қараөзек» арнасына барып қайта құйып жатыр.
Әділбек Серікұлы, тілші:
«Жосалы-Жалағаш» тасжолы жабылып, су шайған аумақтан 6 шақырым жерге арнайы блок пост қойылды. Ал ауданаралық жол мол су өткен соң, қайта қалпына келтіріледі дейді жергілікті билік өкілдері.
Қазір, екі аудан арасындағы ішкі жол қатынасы үзілді. Бірақ, бұл қиындық туғызып отырған жоқ дейді мамандар.
Жұлдызхан Ерқосаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:
Елдімекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Қызылтам елді мекені Қармақшы ауданына қарасты ол жол орын алған оқиғадан бері орналасқан. Ал Жалағаш ауданына қарасты Далдабай ауылдық округі ол оқиға орнынан кейін орналасқан. Сол себепті екі ауылдың тұрғындарына да аудан орталықтарына қатынауға еш кедергі жоқ.
Сырдариядан қауіп әлі сейілген жоқ. Арнайы мамандардан құралған топ қазір Жосалы кентінде сеңнің қозғалысын жіті қадағалап отыр. Өйткені, ауданда тасқынның қаупі басым бес аумақ бар.
Әділбек Серікұлы