Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заң 3 наурыздан бастап күшіне енеді. Сол күннен бастап азаматтар өзін «банкрот» деп тануға өтінім бере алады. Қаржы министрлігі осындай хабарлама таратты.
Статистика бойынша, елде 1 миллион 180 мың адамның берешегі бар. Қарыз сомасы: 1 триллион 100 миллиард теңге. Алайда барлығы бірдей банкроттыққа өтініш бермеуі мүмкін. Өйткені, «банкрот» деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Оған қоса, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды. Сонымен бірге, азаматтың банкроттықтан кейін үш жыл бойы қаржылық жағдайы тексеріліп отырады.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Бұл заңның шектігі жоқ. Бұл дегеніміз банкроттық жайлы тек қана үшінші наурыз немесе жылдың аяғына дейін жүргізілетін акция емес. Бұл заңнама шексіз акция. Сондықтан арызыңызды қарап, салмақты шешім қабылдау керек деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторларға қылмыстық жауапкершілікті қайта енгізуді ұсынылып отыр. Әкімшілік жауапкершілікті 2 есеге дейін арттыру керек дейіді, ведомство төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахман. Айтуынша, соңғы 2 жылдың ішінде коллекторлық нарықтың 37 субъетісінің қызметі тоқтатылды. Алайда, олардың заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік заңнамалық тұрғыда қарастырылмаған . Қазір Заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізілген.