«АрселорМитталТеміртау» миллиардтаған айыппұлдар мен ескертулерді елемесе, жұмысын тоқтатуы тиіс. Экологтар осындай талап қойып отыр. Ауаға таралатын улы газ бен шаң-тозаңның 87 пайызы осы компанияға қарасты өндіріс орындарына тиесілі. Былтыр ауаға 201 мың тонна зиянды қалдық шығарған. Теміртау қаласы маңындағы полигонға өте қауіпті 800 тонна коксо-химия қоқысын төккен. Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2019 жылы Экология министрлігі мен компанияның арасында меморандумға қол қойылған. Құжат негізінде компания 2024 жылға дейін жалпы құны 200 млрд теңге болатын қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 57 жобаны жүзеге асыруы тіис еді. Алайда, тек 7 жоба ғана іске асқан. Естеріңізге сала кетейік, былтыр компанияға 5,8 миллиард теңге айыппұл салынды.
Дархан Есжанов, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Мойнына алған уәделерін орындамай жатса «АрселорМитталТеміртау» олардың ісін тоқтатуға мәжбүр боламыз. Қазіргі таңда заң бұзушылықтарға қарай ондағы екі полигонды тоқтатып жатырмыз. Бұрын ондай болмаған. Жаңа экологиялық кодекс 2021 жылдан бастап өз күшіне енді. 2025 жылдан бастап олар жаңа озық технологияларға көшулері керек.
Руслан Нұрланұлы