Ақмолалық оқушылар шетелдің үздік университеттерінен шақырту алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмолалық оқушылар шетелдің үздік университеттерінен шақырту алды

28.02.2023

Ақмола облысындағы 12-сынып оқушысы әлемнің үш бірдей жоғары оқу орнына шақырту алды. Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жатқан Абылайхан Мұхамеджанов шетелдік университтердегі сынақтардан сүрінбей өтіп, бәрінде де тегін білім алу грантын иеленген. Ол ағылшын тілін жетік меңгерген. Оған қоса бала кезінен ғылыми жобалармен айналысады. Көкшетау қаласындағы зерек оқушының стратосфераға жіберілетін құрылғысы республикалық, халықаралық сайыстарда жоғары бағаланған. Осының арқасында Абылайхан еліміздегі жоғары оқу орындарына да жолдама алып отыр.

Абылайхан Мұхамеджанов, 12-сынып оқушысы:

Өзім инженерия мамандығын таңдадым. Десе де, кәсіпкерлікпен де айналысқым келеді. Яғни, жасаған жобаларымды өзім қаржыландырсам деймін. Сондықтан да, университет таңдағанда осы екі бағытқа ерекше назар аудардым. Емтихан тапсырған кезде ең жоғары ұпай жинадым. Осының арқасында, бірнеше университеттен шақырту келді. Ал менің таңдауым АҚШ-тың алдыңғы қатарлы білім ордасына түсті.

Ал Абылайханның сыныптасы Радмир Хабибулин Ганконгтың алдыңғы қатарлы білім орнына шақырту алған. Ол да инженер мамандығын таңдапты. Бала кезінен физика мен математика пәніне қызыққан дарынды жас болашақта Қазақстанға қайтып келіп, инженерия саланың әлеуетін арттыруға үлесін қоспақ.

Радмир Хабибулин, 12-сынып оқушысы:

Жоғары оқу орнында программа жасап үйренсем деймін. Әрине, оны инженериямен қоса алып жүру оңай емес. Дегенмен, қазіргі уақытта осы екі салаға деген сұраныс артып отыр. Әсіресе, Қазақстанда бұл бағыттағы мамандардың тапшылығы байқалады. Сондықтан да, мен жинаған тәжірибемді елімнің көркеюіне пайдаланғым келеді.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу