Бельгиялық компания «3 D» принтерден шоколад шығаруды бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялық компания «3 D» принтерден шоколад шығаруды бастады

25.02.2023

«3 D» принтер деген атпен белгілі құрал соңғы жылдары қарқынды дамыды. Осы техникадан бұған дейін құрылысқа, өндіріске қажетті материалдар, велосипед, тіпті, автокөлік басылып еді. Енді бельгиялық компания «3 D» принтерден шоколад шығаруды бастады. Мұндай өнімнің классикалық тәттілерден ерекшелегі неде?

Бельгияның Льеж университетінің ғалымдары үш өлшемді принтердан шоколад шығаруды 2 жыл бойы зерттеген. Мына түрлі дизайндағы тәттілер сол еңбектің жемісі. Лазерлі қондырғы ерітілген шоколадтан пішіннің әр қабатын 0,2 миллиметрден басып отырады.

Гаетан Ричард, «3D» принтерден шоколад шығаратын компанияның басшысы:

«3 D» принтердің ерекшелігі кондитерлік фабрикалар жасай алмайтын қиын пішіндерді басып шығарады. Мәселен, жұмыртқа тәріздес шоколадтарды жасау үшін кондитер алдымен жұмыртқаның екі бөлігін қалыпқа құйып, сосын бір-біріне жабыстырады. Ал біз еш қиындықсыз бір ғана бүтін жұмыртқа шығарамыз.

«3 D» принтер қыруар жұмыс күшін, өндірістік шығынды қажет етпейді. Шоколадты басып шығару уақыты да жылдам. Кішігірім кәмпитті 10 минутта, ірі көлемдегі күрделірек пішіндерді 3 сағатта дайындайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

«3 D» принтердан шыққан шоколадтар кондитерлік фабрикалардың тәттілеріне қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан, қазір компанияның өнімдеріне қонақ үйлер, жеке азаматтар тарапынан сұраныс көп. Мысалы, бір кәсіпкер мына шоколадтан жасалған бөтелкеге тапсырыс беріпті. Ішіне су құйып ішсеңіз де немесе шетінен тістеп жесеңіз де өз еркіңіз.

Принтердан шыққан тәттінің дәмі классикалық кәмпиттен еш кем емес. Ақылды техника шоколадқа тапсырыс берушінің аты-жөнін жазып, қажет болса суретін де салып береді. Осындай эксклюзивті дүниелерді көптеп шығару үшін компания «3 D» принтерлардың санын арттырып, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асырмақ.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу