Қостанай облысының Сарыкөл кентіндегі мектепте телестудия жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық сыныпқа смарт тақта қойылған. Робот техникасы кабинеті де бар. Жиһаздар толық жаңартылып, басқа да заманауи көрнекіліктермен жабдықталған. Алайда облыс бойынша ең озық технологиямен білім беретін мектепте шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Армысыздар қадірменді Ұлттық арна көрермендері! Біз бүгінгі репортажымызды Сарыкөлдегі орта мектептің студиясынан бастаймыз. Келесі сөз кезегін әріптесім Эвелинаға беремін.
Шағын телестудиядағы үйірмеге қазір 12 бала келіп жүр. Олар бұл жерден телеарна жұмысының әліппесін үйренеді. Студияда сұхбат жазады, түрлі тақырыпта роликтер түсіріп монтаждайды. Дайын өнімді көрерменге әлеуметтік желідегі мектептің парақшасы арқылы таратады.
Валерия Гунько, оқушы:
Біз негізінен мектеп өмірі жайлы түсіреміз. Мерекелік іс-шаралар да назардан тыс қалмайды. Әзірге бейнекамера мен ноутбук жоқ. Сондықтан бейнежазбаны телефонға түсіріп монтаждаймыз.
Балалардың сабаққа деген ынтасын арттырып, қызығушылығын тудырған дүниенің бірі смарт тақталар. Мұнда тек жазып, сызып қана қоймай пәндер бойынша өтетін тақырыптарға сәйкес аннимациялар, деректі, көркем фильмдер көрсетіледі. Соның арқасында қандай да күрделі дүниені балалар жеңіл, оңай ұғады.
Никита Васькин, оқушы:
Сабақтар қызықты өтетін болды. Қазір кітапты сирек пайдаланамыз. Оның орнына смарт тақта арқылы кез келген тақырыпты бейнеролик арқылы қараймыз. Түрлі кино, мультфильм арқылы баяндалған нәрсені қызыға қарайсың, әрі тез түсінесің.
Бір әттеген-ай мектепте жоғары жылдамдықты интернет жоқ. Сондықтан мұғалімдер әзір смарт тақталарды өздерінің ұялы телефондарына қосып пайдаланып жүр. 1986 жылы бой көтерген мектеп ғимараты да күрделі жөндеуге мұқтаж.
Сағадат Дәндібаев, мектеп директорының міндетін атқарушы:
Бұрынғы ағаш терезелер тұр. Оларды ауыстыру қажет. Қасбетін де жөндеу керек. Білім бөлімі мен әкімшілік осы мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.
Сарыкөл ауданында биыл үш мектепке күрделі жөндеу жүрігізіледі. Бірақ бұл білім ордасы олардың қатарында жоқ. Ал жоғары жылдамдықты интернет білім бөліміндегілердің айтуынша, ақпанның соңына дейін қосылуы тиіс. Жалпы елімізде осындай озық технология енгізілген 17 ауыл мектебі бар. Оның бәріне қаржы «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген.
Дәуренбек Әбдібек