Қостанай облысының Бүйректал ауылында заманауи мұражай жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Бүйректал ауылында заманауи мұражай жұмыс істейді

12.04.2019

Мәдени орын осындағы орта мектептің ішінен былтыр ғана ашылған. Мақсат – туған өлкенің тарихын түгендеу, насихаттау. Шалғайдағы шағын мұражайдың ерекшелігі неде?

Портреттегі штрих-кодқа арнайы қондырғы орнатылған ұялы телефонды жақындатсаңыз, суреттегі кісі жайлы мәлімет экранға шығады. Осылайша оның өмірбаянымен танысып, қажет болса, қалта телефоныңыздың жадына сақтап қоясыз. Бұл жаңашылдықты енгізген жас маман – Дастан Әбілтаев. Ол осы мектептің 2012 жылғы түлегі. Информатика пәні бойынша жоғары білім алып, кейін туған ауылына оралған.

Дастан Әбілтаев, информатика пәнінің мұғалімі:

- Ауылымды өзге өңірлерге таныту үшін әлеуметтік желіде парақша ашып қойдым. Мектептің сайтын жасадым. Ауылым үшін сондай жұмыстар атқарып жатырмын. Мұражайға да атсалыстым. Фотомонтаждар жасадым.

Бүйректал мұражайы Аманкелді ауданы бойынша жәдігерлерге сандық жүйені алғашқы болып енгізіп отыр. Ауыл тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Әзірге өңірден шыққан белгілі тұлғалар, соғыс, еңбек ардагерлері, ұстаздар жайлы мәліметтер қойылған. Олардың марапаттары, төсбелгілері, құжаттары жинақталған.

Айман Баймағанбетова, мұражай меңгерушісі:

- Ендігі мақсат – мұражайды одан әрі дамыту. Көне заттар жинау.

Яғни, алдағы уақытта жәдігерлермен бірге осы өңірдің ертедегі тарихынан сыр шертетін мәліметтер де жиналуы тиіс. Қазірдің өзінде мұражай - жергілікті тұрғындар мен қонақтар жиі келетін көрнекті орынға айналған. Мектеп бағдарламасына енгізілген өлкетану сабағы да осында өтеді.

Бүйректал мектебіндегі тағы бір мұражайға бергісіз орын – осы ауылдың тумасы, мәдениет қайраткері Сапарғали Ахметжанов атындағы саз сыныбы. Мұнда музыка майталманы жайлы мәліметтер жазылып, оның жеке тұтынған заттары қойылған. Сонымен қатар осында домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Яғни, шалғайдағы шағын мектеп ауылдың рухани орталығына айналып отыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу