Еліміздегі сейсмикалық қауіпті аймақтарда 10 млн адам тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі сейсмикалық қауіпті аймақтарда 10 млн адам тұрады

22.02.2023

Ілінген заттардың теңселуі, ғимараттарда сызат пайда болып, кей нысандардың құлауы - зілзала зардаптарының бірқатары ғана. Соңғы бес жылда Қазақстанда 40 мыңдай жер сілкінісі тіркелген. Сейсмологтар сөзінше, дүмпудің көбі сезілмейтіндіктен, қауіптенуге негіз жоқ. Дегенмен, күші 7-9 балға жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер де бар. Бұл аймақтарда қанша адам тұрады? Зілзала күшінің қауіптілігі неде? 

Жазира Оразқызы, тілші:

Еліміздің шығысынан бастап, оңтүстік-шығыс, оңтүстік өңірлер, оның ішінде Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Бұл жерлерде 400-ден астам қала мен елдімекен, өнеркәсіптің әлеует пен тұрғын үй қорының 50%-дан астамы шоғырланған. Тұтас ел аумағының сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын үштен бір бөлігінде республика халқының тең жартысы немесе 10 миллионнан астам адам тұрады.

Жансая Досымбекова, "Алматы" орталық сейсмикалық обсерватория басшысы:

Біздің сейсмикалық желіде 68 станция бар. Олардың барлығы кешенді. Көбісі Алматы облысында орналасқан, 28 станция бар. Жер сілкінісі болған кезде мына экрандарда жазу көрінеді, сигнал ойнайды.  Ақпараттарды жүктеп алып, өкілетті органдарға жеткізіп отырамыз.

Зілзаланың күшін өлшеу шкалалары мен оның әрқайсысында болатын зардаптарға тоқталсам. Ең алдымен, 0 және 1 балл. Тұрғындарға онша сезілмейді. Тек құрылғылар арқылы анықтауға болады. 2,3,4 балл аралығы. Ғимараттар мен тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында ғана байқалады.Ілінген заттар теңселеді. Эпицентрге жақын жерлердегі ғимараттарде кішігірім сызат пайда болуы мүмкін. 5 және 6 балл. Бір атом бомбасының энергиясына сәйкес. Жыл сайын мұндай 100-ден аса жер сілкінісі болады. Ең қауіптісі - 7,8,9 балл. Қатты жер сілкінісі болады. Халық арасында дүрбелең туады. Темір жол істен шығады. 9 балда ғимараттар толығымен құлап, заттар ауада ұшып жүреді. Мамандар айтып келмейтін апаттар кезінде байбалам салмай, қауіпсіздік ережелерін барынша ұстануға кеңес береді.


Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу