Солтүстікке қоныс аудару: Президент бұл бағдарламаны әлі де жетілдіруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстікке қоныс аудару: Президент бұл бағдарламаны әлі де жетілдіруді тапсырды

01.09.2021

Алдағы екі жылда елдімекендер тұтастай ауыз сумен қамтылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында үкіметке нақты тапсырмалар жүктеп, негізгі басымдықтарды айқындады. Бұдан өзге, ауылдық жерлерде орта және шағын бизнесті дамыту, ол үшін ірі банктерден гөрі шағын қаржылық ұйымдарға жүгіну қажеттігі атап өтті.

Халық тығыз орналасқан Түркістан облысында 841 елді мекен болса, соның 144 і әлі күнге тіршілік нәрінен тарығып келеді. 697-сі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін 20 елдімекенге су беріліп, 11 ауылдағы тозығы жеткен құбырлары қайта жаңартылады.

Мұрат Таштаев, Түркістан облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
Жыл қортындысымен облыс аумағында 717 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған ауыз сумен қамтылуы тиіс 124 елдімекен кешенді жоспар іс шарасына сәйкес 2021-25 жылдар аралығында жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Түстіктен теріскейге қоныс аударушылардың мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Елімізде 2017 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мақсат жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Президент бұл бағдарламаны әлі де жетілдіруді тапсырды. Нақтырақ айтқанда, көшіп келген азаматтарға жәрдемақыны әкімдіктер арқылы ғана емес, жұмыс берушінің шығынын өтеу арқылы қарастыруды тапсырды.

Әбдіғани Бәзілханұлы, облыс әкімінің көші-қон мәселелері жөніндегі кеңесшісі:
Ертеңгі күні біздің елдің өсуіне, мектептеріміздің жабылмауына, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысы шекаралық аймақта болғандықтан ұлттық қауіпсіздікке бұл үлкен ықпалын жасайды. Ертең адамдарымыз көбейеді деп ойлаймын.

Президент халыққа арнаған Жолдауында ел экономикасының күретамыры саналатын шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлді. Батыс Қазақстанда кәсіп ашам деген адамға төрт шағын қаржы ұйымы жеңілдетілген қарыз береді. Жыл басынан бері ауыл-аймақ тұрғындары 170 млн теңгедей несие алған. Өңірде 13 несие серіктестігі жұмыс істеп тұр. Биыл оларға 3 млрд. теңгеге жуық қаражат берілді.

Біржан Қажыгереев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының бөлім басшысы:
Мемлекет басшысы өз жолдауында атап өткеніндей, микро қаржы ұйымдарын қаржыландыру және оларға қолдау көрсету жұмысы жүргізіліп отыр. Және де биылдан бастап «Атамекен-Ақжайық» микро қаржы ұйымы құрылып отыр. Бұл ұйым арқылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында несие береміз.

Кәсіпкерлікпен қоса ауылшаруашылы секторында экспорт көлімін ұлғайту үшін ветеринария саласын жетілдіру қажет. Сол себепті осы бағытта орталық пен өңірлер арасында нақты іс-жоспар бекуі тиіс деді мемлекет басшысы.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу