Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен тағы 8 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен тағы 8 адам қаза тапты

21.02.2023

Түркия мен Сирияда қайталанған жер сілкіністерінен 8 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жараланды. Бұл дүмпулерді тіпті алыстағы Мысыр халқы да сезген. Ал, ақпанның 6-да болған зілзала құрбандарының саны 47 мыңнан асты. 

Түркияның оңтүстік-шығысы тағы да үрей құшағында. Хатай провинциясында бұл жолғы зілзаланың қуаты екі апта бұрынғыдай емес, сәл әлсіздеу болды. Бірақ, соның өзі 6 адамды мерт қылып, 300-ге жуық тұрғынды жаралады.Магнитудасы 6,4 баллдық жер сілкінісінің ошағы Антакия қаласының маңынан анықталды. Оны тіпті Сирия, Мысыр, Ливан, Иордания, Израиль, Кипр тұрғындары да сезген. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бір тербелгеннен кейін жер тағы 90 мәрте дүмпіді.

Айше Йылдырым, жергілікті тұрғын:

Баяғы қорқыныш, сол бір мазасыздық. Ішке кіре алмаймыз. Кірсек, қала алмаймыз. Білмейміз, не істеуге болады. Құдай мейіріміне бөлесінші бізді. Айтарға сөзім жоқ.

Хатаймен шекаралас Сирияда екі адам қаза тапты. Араб ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тартус және Хама провинцияларында екі әйел жер сілкінісі кезіндегі алапат байбалам барысында жан тәсілім етіп, 130-ы жараланды. Тағы бір айта кететін жайт, Алеппо провинциясында ақпанның 6-да құлаған ғимарат астында қыз бала дүниеге келгені бүкіл әлемге жариланған еді. Сол күні оның анасы да, әкесі де, төрт бауыры да опат болды. Жарық дүниені үйінді астынан тапқан бөбекті тәтесі мен көкесі асырап алғаны белгілі болып отыр.

Халил Әс-Савади, үйінді астында туған қыздың көкесі:

Бұл – марқұм Афраа қарындасымыздың қызы. Оны бүгін алдық. Жағдайы жақсы. Нәресте біз үшін көп нәрсені білдіреді. Өйткені ешкімі қалған жоқ. Біз осы қызға қарап, оның ата-анасын, жоқ болған ауылымызды еске алатын шығармыз.

Түркия басшылығы Хатай тұрғындарына үйлерінің қалдығына жоламауды ескерткен. Бірақ, бұған кейбір адамдар құлақ аспаған.

Түркия мен Сирияда осы айдың алғашқы дүйсенбісінде болған жер сілкіністерінен 47 мыңнан астам адам өліп, түріктің 11 провинциясында 110 мыңдай ғимарат опырылып түсті немесе қатты зақымданды.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу