Президент Степногорск қаласына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Степногорск қаласына барды

14.02.2023

Президент Көкшетаудан кейін Степногорск қаласына барды. Онда шаһардың дамуымен танысып, шаруалармен жүздесті. Қалада жылу электр орталығы тозып тұр. Мәселені шешу үшін Президент қандай тапсырма берді?

Бұл ел аумағындағы ең ірі жылыжайдың бірі, 5,5 мың гектарды алып жатыр. Көкөністің көп түрі, салат жапырақтарының түр-түрі өсіп тұр. 

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Степногорскіде қазір 25 градус аяз. Ал іште құлпынай өсіп тұр. Жидекті жылыжайда өсіру тәжірибесі қолға алынды. Алғашқы нәтижесі осы.

Бірақ кәсіпкердің жайы қазір құлпынайдай тәтті емес. Электр энергиясы тапшы. Барының өзі қымбат. Шаруа иесі мемлекеттен қолдау сұрап отыр.

Александр Грибалев, жылыжай иесі:

Біздегі негізгі мәселе - энергия бағасы. Өнімді ұлғайту үшін электр қуатын арттыру керек. Жоба құны - 2,4 млрд теңге. Бизнестің жол картасы бағдарламасынан үміттеніп отырмыз. Егер қолдау тапсақ, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге әрі жылыжайды тағы да кеңейтуге мүмкіндік болатын еді.

Шаруалардың шағымы аз емес. Президенттің өңірге келгенін пайдаланып проблемаларын жеткізуге тырысып бақты.

Қуаныш Рақышев, шаруа иесі:

Қаржыландыру мәселесі көктемде тезірек шешілсе екен. Екінші шағын кәсіпкерлер бар. Олар продкорпорацияның көмегімен жұмыс істейді. Қазір мына көктемгі егіске көмегі керек. Мына сатып алуды ертерек берсе екен. Сонда кіші шаруашылықтарға көп көмек болушы еді. 15 наруызға дейін берсе жақсы болар еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде бұл мәселе өте өзекті. Орынды. Сондықтан Үкімет әрқашан да көмегін көрсетеді. Көмегімізді береміз.

Ақмола - азық-түлік өндіруден алда келе жатқан өңір. Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Ал Степногорск – облыс бойынша ЖЭО бар жалғыз қала. Бірақ аты бар, заты тозған. Салынғанына 60 жылға таяған. Орталықтың тозуы 69% жеткен. Ал жылу құбырларының жағдайы одан да қиын. Желілердің 82 пайызы ескі. Жылда жөнделеді, бірақ, ескірген құрылғыны қалпына келтіру оңай емес. Жаңарту өте қымбат. Тығырықтан шығу жолы - тариф көтеру керек, деп отыр орталық басшысы.

Игорь Шитов, Степногорск жылу электр орталығының директоры:

Әрине, 60 жылда құрылғы ескіреді. Ал қазіргі тариф орталықты жаңғыртуға мүлдем жетпейді. Материалдардың бағасы қатты өсіп жатыр. Қазандық агрегатын, тұрбалар мен генераторды айырбастауды жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысы бұл проблеманы шешу жолдарын егжей тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін облыстың барлық аумағында жылу желілері мен қазандық жабдықтары тексеріледі. Сонымен қатар Көкшетауда ЖЭО салынады. Нысанның қуаттылығын сағатына 520 гига калорий жылу мен 240 мега ват электр энергиясын өндіретін деңгейге дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды.



Хабарламаларға жазылу