Түркияда қаза тапқан Мирболат Құрмашев жайлы не білеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қаза тапқан Мирболат Құрмашев жайлы не білеміз?

10.02.2023

Түркиядағы зілзаладан қайтыс болған отандастарымыздың бірі Мирболат Құрмашев танымал Айти маманы болған. Марқұмның көзін көргендер электронды еңбек кітапшасының авторы туралы туралы естеліктерін бөлісті.

IT - күрделі сала. Ал Мирус сол саладағы сирек маман. Ол ірі цифрлық жобаларды ұсынуымен үздік еді. Астана хабты құрды. Өнерінің арқасында күнделікті өмірімізді жеңілдетіп кетті. Еңбек кітапшасының электронды нұсқасының авторы осы Мирус.

Ерболат Мұхамеджан, КАЗГЮУ университеті басқарма төрағасының орынбасары:

Мирусты бір ғана жобаға бейімдеп, соның айналасында ғана жұмыс істеді деу қателік. Біздің кез-келгеніміздің қолымызда жүрген еңбек кітапшасын Тамара министр болып тұрғанда, цифрлыққа ауыстыру осы Мирустың идеясы. Келесі, мына білім саласындағы ұлттық тест орталығында кейбір шешімдер Мирустың әсерімен келген.

Мирус - цифрлық жүйені көп мекемеге енгізіп кетті. Сыбайлас жемқорлықпен күресте, білім, ғылым министрлігі, мемлекеттік қызметтерде оның қолтаңбасы қалды.

Байжан Қанафин, әріптес досы:

Біз бірге Цифрлық Қазақстан бағдарламасын әзірледік. Әрі Мирус Диджитал Агент жобасын жасап шықты. Қазір Астана Хабтың Түркиядағы өкілі болып жүр еді. Осы бағытта да үлкен жұмыс атқарып кетті. Айти-қауымдастық үшін Мирасты жоғалту үлкен соққы болып отыр.

Оның шын аты – Мейірболат. Бірақ, көпшілікке, журналистерге сұхбат бергенде өзін Мирус деп таныстыратын еді. Бүгін әріптестері мен достары «Мирус пен ізденіс егіз ұғым болатын» деп еске алып жатыр. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Аида Балаева және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде Мирболат жайлы естеліктерімен бөлісті.

40 жастағы Мирустың артында жары мен екі баласы қалды. Отандастарымыздың денесі елге ертең жеткізіледі. Шығынды мемлекет көтереді. Айтпақшы, Мирус адам өлгеннен кейін де оның миындағы жадын цифрға айналдырып, ақылын кейін пайдалану туралы да ой айтып еді.

Асима Нұрбайқызы



Хабарламаларға жазылу