Жыл басынан бері тұрмыстық жанжалдан 18 адам көз жұмған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері тұрмыстық жанжалдан 18 адам көз жұмған

09.02.2023

Соңғы 5 жылда зорлық-зомбылық фактілері 3 есеге артты. Алайда зардап шеккендердің жартысынан көбі арыз жазудан бас тартады. Салдарынан полицейлер бұзақыларға шара қолдана алмай отыр. Енді талап күшеймек. Жәбірленуші арыз бермесе де қол көтеріп, жәбір көрсеткендер жауапқа тартылады. Осылайша, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату қаралып жатыр. Қазір тиісті заң жобасы Парламент қарауында. Бүгін Астанада әйелдер құқығын қорғау форумы өтті. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін мемлекет пен азаматтық қоғамның түрлі институттары арасында өзара іс-қимыл құру жоспарлары қаралды.

Аида Балаева, Президент жанындағы әйелдер істері, отбасы-демографиялық саясат ұлттық комиссиясының төрағасы:

Бұл құбылысты тоқтатуға қоғам болып күш салуымыз қажет. Ешқандай жол бермеуіміз қажет.

Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық арасындағы тәуекелдерді бағалаудың халықаралық құралы енгізілмек. Сауалнама арқылы полиция қызметкерлері қылмыстық қайталану ықтималдығын бақылап отырмақ. Форум барысында Астана, Алматы және Павлодарда пилоттық жобаны іске қосу туралы шешім қабылданды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Жанжал шығарған адамды қанша қауіпті екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мұны қамау керек пе, жай ақыл айту керек пе, психологиялық портретін жасайды. Күнделікті жұмысымызға қолданатын тәжірибе ретінде қараймыз.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу