Маңғыстауда газ құбыры екінші тармағының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда газ құбыры екінші тармағының құрылысы басталды

08.02.2023

Маңғыстау облысында «Бейнеу-Жаңаөзен»магистральдық газ құбырының 2-тармағы салына бастады. Жоба құны - 160 млрд теңге. Жаңа құбыр жылына 5,8 млрд текше метр газ тасымалдауға мүмкіндік береді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының екінші тармағының ұзындығы 308 шақырымды құрайды. Жобаны биыл жыл соңына дейін іске қосу көзделген. Сол кезде көгілдір отын елдімекендерге осы құбыр арқылы жіберіліп, бұған дейін 60 жыл бойы қолданыста болып, әбден ескірген газ құбыры жөнделмек.

Екінші тармақтың алғашқы жігін дәнекерлеу рәсімі салтанатты түрде басталды. Ары қарай жұмыс жалғаса береді. Құрылыс басында 900-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Олардың көбі жергілікті тұрғындар. Маңғыстау облысын тұрақты газбен қамтамасыз етуді Мемлекет басшысы тапсырған. Мегажобаның осы аймақ үшін әлеуметтік экономикалық маңызы зор.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті, өндірісті дамытуға кедергі болып тұрған факторлардың бірі-газ көлемінің жетпеуі. Осы газ құбырының іске қосылуымен біз қажетті газ көлемін алып, тұрғындар да, жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да өз ойлаған шаруаларын іске асырады. Және ол өз кезегінде мультипликативті әсер беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жұмыссыздықты жоюға тікелей әсер етеді деген сенімдеміз.

Қазір көгілдір отын «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының І-тармағы арқылы тасымалданып жатыр. Алайда бұл құбырдың тозығы жеткен.

Санжар Жаркешов, Ұлттық компанияның басқарма төрағасы:

Биыл осы жылдың соңына дейін бітіру – басты мақсат. Өйткені бірінші тармақ 1960 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан газ құбыры. Сондықтан кішкене тозған жағдайлары бар. Маңғыстау өңірінің газ тұтыну көлемі үлкейген сайын, осы екінші тармақтың маңызы арта бермек.

Бұған қоса, «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» газ тасымалдау жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда 300-дей құбыр мен тазарту құрылғылары ауыстырылады. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталауы тиіс. Сол кезде облыс орталығындағы энергетикалық комбинат пен басқа да ірі кәсіпорындардың табиғи газға сұранысы толық өтелмек.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу