«Amanat» партиясы құжат тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Amanat» партиясы құжат тапсырды

08.02.2023

Сайлауға 39 күн қалды. Партиялар Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырып жатыр. Бүгін де бірнеше саяси ұйым қағаздарын өткізді. 

 Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бүгін таңғы 09:30-да Respublica партиясы құжатын өткізді. Одан кейін «Amanat» партиясының өкілдері келді. Атқарушы хатшы Елнұр Бейсенбаевпен бірге оның жақтастары, атап айтқанда Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, Мұрат Әбенов те келді. Олар қалың қағаз құжатын өткізді. Бұл түсінікті де. Себебі «Amanat» - үміткерлер саны ең көп партия. Заңға сәйкес олардың өмірбаяны, өтініші жалпы саны 7 түрлі құжат комиссия қарауына берілуі керек. Кешегі съезде «Amanat» Мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша 90 үміткерді бекіткені белгілі. Бұдан бөлек, бір мандатты округтер бойынша 29 «аманаттық» додаға түседі. Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, кандидаттарды іріктеу жұмысы әрбір өңірде партия ішіндегі дауыс беру арқылы жүргізілді.

Елнұр Бейсенбаев , «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

Осы тізімге енген азаматтардың барлығы өңірлерден жеңіп келген азаматтар. Біздегі басты принциптер ашықтық, әділдік және жаңару саясатын біз алдымызға қойып отырмыз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Айта кетейін, бұған дейін 4 партия, яғни Ақ жол, ЖСДП, «Байтақ»  және Қазақстан халық партиясы құжаттарын өткізген. Енді Орталық сайлау комиссиясы барлық құжаттарды тексеріп, оларға үміткер куәлігін береді. Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 18 ақпаннан басталады.

Хабарламаларға жазылу