Түркияның бірнеше провинциясында қуатты жер сілкінісі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның бірнеше провинциясында қуатты жер сілкінісі болды

06.02.2023

Бүгін түнде Түркияның бірнеше провинциясында қуатты жер сілкінісі болды. Зілзаланың қуаты 7,4 баллға жеткен. Қазірге дейін апаттан 70-тен астам адам қайтыс болғаны белгілі. Көптеген тұрғын үй мен ғимараттар жермен-жексен болған.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркия уақытымен таңғы сағат төртте болған қуатты жер сілкінісінен қаза болғандардың саны 76 адамға жетті. Жараланғандар саны 500-ге жуықтады. Ішкі істер министрі апатқа төртінші деңгейдегі 7,4 баллдық зілзаланың ошағы Түркияның оңтүстік шығысындағы Қаһраман Мараш облысында болған. Жер сілкінісінің қуатты болғаны сонша ол көршілес 10 облысқа әсер етті. Диярбакыр, Адана, Газиантеп, Шанлыурфа облыстарында ғимараттар құлап, ондаған адам қаза тапты. Мамандар қайтыс болғандардың көп болуына адамдардың ұйқыда жатқандығы себеп екенін айтады. Қазір құтқару қызметтері құлаған ғимараттарды аршу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондықтан қаза тапқандар мен жараланғандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Апат болған аймақтардан адамдардың қауіпсіз жерлерге қашуына байланысты көшелерде көлік кептелістері пайда болған. Елдің Ішкі істер министрі арнайы қызметтерге кедергі келтірмес үшін тұрғындарды жеке автокөліктерін қолданбауға шақырды. Бұдан бөлек жаралыларға қан жетпей жатқандығы, сондықтан барлық тұрғындардың қан тапсыруы маңызды екені айтылды. Сондай-ақ мамандар халықты әзірге үйлеріне кірмеулеріне, жер сілкінісі кезінде жиналатын арнайы орындарға жиналуларын сұрады. Себебі зілзала тағы да қайталануы мүмкін деген болжам бар. Мамандар кешеден бері алпыстан аса ірілі-ұсақты жер дүмпулері болғанын айтып отыр. Біз алдағы шығарылымдарда соңғы ақпараттармен бөлісетін боламыз.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу