Интернеттен қашық, асыққа асық... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернеттен қашық, асыққа асық...

04.02.2023


Асық ойнаған озар. Халықтың сөзін бұрмағалынымыз емес. Расында да, енді асық ойнағандар азудың ауылынан алыстап, озудың ордасына орнықпақ. Себебі, асық ату ұлттық спорт түрі ғана емес, балаға пайдасы мол олжалы ойын. Бүгін Түркияның Анталия қаласында тоғызқұмалақ пен асық атудан Еуразия кубогі аяқталып, еліміздің ұлттық құрамасы бірінші орынға ие болды. Жарысқа бірнеше елден 100-ден астам спортшы қатысқан. Осы бір жағымды жаңалыққа орай асық ату туралы ой қозғап көрелік. Азамат Бейбітұлы баяндайды.

Жарықгүл Құрманбаева немересі үшін бір дорба асық жинапты. Өйткені, смартфонмен сағаттап, айфонмен айлап отырғанын қаламайды. Асық ойынының тарихын, ережесін біртіндеп түсініп жатыр. Осы бір сүйек ойыны қазақтың сүйегіне сіңген. Осылай деген Жарықгүл әжей немересінің лезде үйреніп, сақасын ұршықша иіріп, тізілген асыққа оқтай тигізіп жатқанына риза.

Жарықгүл Құрманбаева, зейнеткер:
Асық ойыны қала түгілі ауылдың өзінде сирек кездеседі. Ауылдың өзінде балалар смартфонға, телефонға тәуелді болып жатыр. Сондықтан осы асық жинайыншы деп ойладым. Міне мына жерде 100-ден аса асық бар. Осы асық ойнауды ептеп-ептеп үйретіп келе жатырмын.
Сақасын сайлап, жарыста қанжығасын майлап жүрген қазақ балалары бар. Олар асықты да алшысынан иіреді, компьютердің күрделі тетіктерін де тәйкесінен түсіреді. Бірақ, өкінішке қарай, күнделікті өмірде асық атып жүрген баланы кездестіру қиын. Сол себепті де, мәдениеттанушылар ұсыныс білдіріп жатыр.

Кұралай Ермағамбетова, мәдениеттанушы:
Мектеп бағдарламасындағы спорт сабағына мұны қосу керек. Сол кезде балаларда қызығушылық оянады да олар ойнайтын болады. Сондықтан да тек ғана наурызда ғана ұлттық ойын ретінде көрсетіп қоямыз, болды.

Асықты ойын емес, спорт түрі деп қарасақ, соңғы он жылда ептеп дамып келеді. Қазір 60 мыңға жуық қазақстандық асық ату спортымен айналысады екен. Былтыр тұңғыш рет Азия чемионаты өтті. Бүгін ел құрамасы еуразиялық деңгейде бірінші орын алды.

Бақдәулет Сәбитов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры:
Асық ату ойыны арқылы біз балалардың дене бітімдерін шынықтырамыз. Кез келген ата-ана өз баласын күреске немесе көкпарға бере бермейді ғой. Сондықтан, байланыссыз, қауіпсіз спорт түрлері осы асық ату мен тоғызқұмалақ болады.

Асықтың асып тұрған тұсы қандай? Мәселен, бес табан ойыны баланы мергендікке баулиды. Бес тас болса, шапшаңдыққа үйретеді. Ал қазақта асық ойынының 30-дан астам түрі бар. Енді бағамдай беріңіз. Бір ғана асық баланың бойына 30 түрлі қасиетті, дағдыны дарытады, дамытады. Сондай-ақ бұл спортпен шұғылданған бала тез тіл табысқыш. Ашық әрі көпшіл болып өседі. Қорыта айтқанда, балаңыз сүйек атып, спортшы боп кетпесе де, балалық шағын асықпен астастыруға асығыңыз.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу