Атырау облысы түгел арзан көкөніспен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысы түгел арзан көкөніспен қамтылады

01.02.2023

Атырау облысында кенже қалған кәсіптің бірі - жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазір Махамбет ауданында 40 мың шаршы метр аумаққа қызанақ егілген. Бұл ішкі нарықтағы импорттың үлесін азайтып, көкөніс бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік бермек.

Жандос Темірғали тілші:

Бұл қызанақтың атауы мерлис деп аталады. Голландық тұқым. Бір түбі шамамен 10 келіге дейін өнім береді. Жылыжайда күніне дәл осы қызанақтың 3 тоннасы жиналады.
Өндірістік жылыжай 9 айда 1600 тонна өнім береді. Балғын көкөніске қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Бұған дейін атыраулықтар Өзбекстан, Түрікменстан, Иран мен Тәжікстаннан келетін өнімдерді сатып алатын. Оларға қарағанда отандық өнім едуір арзан болады.

Ахмет Халмұратов, жылыжай агрономы:

Өте дәмді. Мысалы, сырттан келген қызанақтар дүкен сөрелерінде айлап тұра береді. Ал мына өнім тек 3 күнге ғана сақталады. Бұл оның сапасының жоғары екенін білдіреді.
Қазір нысанда 60 шақты адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Жылыжайдың қуатын арттыру жоспарда. Жақын күндері 2 гектар жерге қияр өсірілмек.

Әділбек Нұршиев, жылыжай басшысы:

Қазір Атырауға қызанақтар Түркіменстаннан әкелініп жатыр. Өзбекстаннан келеді. Соны біз өзіміз неге салмаймыз, өзіміз неге өсірмейміз деп сондай мақсат қойып отырмыз. Атырауымызды толық қамтысақ деген ой бар. 
Өңірдегі Бейбарыс ауылында аумағы 5,6 гектарды ал, қуаттылығы 1300 тоннаны құрайтын тағы бір жылыжай жазда ашылады. Ол кезде тұтас облыс халқын көкөніспен түгел қамтуға болады.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу